Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ońtústik» телеарнасының «Әкім сағаты» бағдарламасында қаладағы атқарылған жұмыстар жөнінде баяндап, тұрғындармен тікелей байланысқа шықты. Онда, өткен жылы ашықтықты қамтамасыз ету, цифрландыру, қоғамдық көліктердің қызметін жақсарту, қызмет сапасын көтеру мақсатында іске қосылған электронды төлем жүйесіне тоқталды.
Қоғамдық көліктер «Төлем» электронды жүйесіне өткен жылдың 15 қазанынан бастап көшкен-ді. Бүгінгі күнге дейін 370 786 төлем картасы алынған болса, 85 пайыздан астам транзакция электронды картамен жасалды.
370 786 картаның 106 100 - оқушылар картасы, 30 686 - студенттік, 234 мыңы стандартты карта. Қазір күніне орташа есеппен «Төлем» жүйесінің негізінде автобус жолаушыларының транзакциясы 280 мыңға жетті.
«Төлем» фронт-офисінде жоғалған картаны қайта шығаруға өтінім бергенде жаңа картаны алғанға дейін тұрғындарға қолайсыздық тудырмау үшін уақытша анықтама берілетін болды. Осы анықтама бойынша оқушы 35/50 теңге тарифі бойынша жүре алады. Карталар Алматыда жасалатын болғандықтан, 10-15 күн ішінде дайын болады. Фронт-офис Әл-Фараби №9 Жастар ресурстық орталығында орналасқан.
Сондай-ақ, шаһар басшысы тұрғындарға сапалы әрі тұрақты қызмет көрсетуді жүйелендіру мақсатында автобустарды онлайн режимінде көруге арналған «I-kolik» мобильдік қосымшасы пайдалануға берілгенін жеткізді. Қазіргі уақытта 82000 адам аталмыш бағдарламаны қолдануда. Бағдарлама қала маршруттарының gps трекерлер арқылы орналасқан жерін көрсетеді. Мобильді қосымшаны «app store» және «play маркет»-тен тегін жүктеп алуға болады.
Төлем жүйесі, қоғамдық көлік қызметінде, әр бағыттың жағдайын айқындауға, толымдылығын білуге септігін тигізсе, субсидиялау аймағын нақтылауда маңызды құралға айналды.