Қала қонақтарының сұранысына ие болып отырған «Shymqala» тарихи-мәдени кешені ескі қалашықтың жаңа бейнесіне айналды. Кешен 2018 жылы ҚР туризм саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының өңірлік деңгейдегі ТОП-50 туристік картасы нысандарының тізбесіне енгізілген. Әуелі, Шымкент қаласындағы туристік қызметтер нарығын зерттеу және талдау жұмыстары жүргізіліп, ескі қалашық аумағының маркетингтік стратегиясы әзірленіпті. Сондай-ақ, жоспардың талаптарға сай жүзеге асуын бақылау мақсатында 15 адамнан тұратын сарапшы топ құрылған. Сарапшы топтың құрамында туризм саласының эксперттері, гидтер, өлкетанушылар, архитекторлар, қонақ үй басшылары, «Shymkent» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы мен мұражай өкілдері бар.
Сала мамандарының айтуынша, он жылда көне қала мегаполистің жаңа брендіне айналмақ. Яғни, «Shymqala» тарихи-мәдени кешеніне келетін туристер ағыны шамамен он есеге артады деп күтілуде. Ішкі туристер саны 50%-ға ұлғайып, жергілікті келушілер жылына жарты миллионға жуық адамды құрамақ. Яғни, 2030 жылға қарай нысанға келушілер саны жылына 1 млн. турист келеді деген болжам бар.
Қазіргі таңда «Shymqala» тарихи-мәдени кешеніне арналған жоспар бойынша инвесторлар тартылуда. Ескі қалашық аумағында туристік-коммерциялық нысандар салатын инвесторлар тарту үшін «BI Group», «Otau», «Bazis-A» және т.б. ірі құрылыс компанияларымен бірнеше кездесу ұйымдастырылған.