Қазіргі заманғы кітапханалар ақпарат пен құжаттарға сұранысты қанағаттандыру үшін оқырмандардың барлығына дерлік қолжетімді болу керек.
Шымкент қаласының кітапханалары оқырмандарға жаңа «Цифрлы Шымкент: Мобильді QR-кітапхана» жобасын ұсынды. Бұл жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Енді Әбу Насыр Әл-Фараби мен жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері, өлкетану әдебиеті әрқашан сіздің ұялы телефоныңызда қол жетімділікте болады. Ол үшін бар болғаны QR-кодты ұялы телефон арқылы сканерлеп, керекті кітапты жүктеп алсаңыз болғаны.
Жаңа жобаны таныстыру мақсатында іс-шара ұйымдастырушылары автобустар мен аялдамаларда насихаттау жұмыстарын жүргізді.
Қазіргі танда мобильді кітапханада 60-тан астам еңбек қолжетімді. Кітап қоры ай сайын жаңа туындылармен толықтырылады.
Мобильді кітапханалар - бұл кітапхананың жаңа қызметі, тәжірибелік біліктілік, келешек. Қазіргі уақытта адамдар интернет желісіне смартфондардың көмегімен кіріп, керек ақпаратқа қол жеткізе алады. Мобильді кітапхананың тиімділігі жұмыста немесе үйде, басқа да орындарда оқуға ыңғайлы. Ол үшін кітапты арқалап жүрмейсің. Технологияның дамыған тұсында осындай кітапхана жастар үшін қажет-ақ, әрі тиімді.