Түркістан қаласында өткен Қазақстан мен Өзбекстанның үкімет басшыларының қатысуымен «Трансшекаралық ынтымақтастық жаңа өсу нүктелері ретінде» атты ІІІ форумда үшінші мегаполистің де мүмкіндіктері таныстырылды.
Форумның бірінші күні аясында екі елдің іскер топ өкілдерінің 40-тан астам B2B кездесулері аяқталды.
Шымкент қаласы шыны өндіру жөнінде, ірі габаритті және шағын габаритті керамикалық тақтайшалар өндіру бойынша, стерильді дәрілік нысандарды өндіру зауытын салу жөнінде және көп қабатты тұрғын үй кешенін салу бойынша, гигиеналық қағаз бұйымдарын өндіру фабрикасын салу бойынша инвестициялық жобаны іске асыру жөнінде Өзбекстан елінің өкілдерімен меморандумға қол қойылды.
Келіссөздер нәтижесінде жасалған келісім-шарттардың жалпы сомасы 239 миллионды құрап отыр.
ҚР Сауда және Интеграция министрлігінің мәліметінше, 2021 жылдың 9 айында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 2 886,9 млн АҚШ долларын құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес деңгейінен 28,5%-ға жоғары. Оның ішінде 2 098,2 млн. АҚШ доллары – Қазақстаннан тауар экспорты (өсім 30,1%).
Қазақстанның Өзбекстанға экспортының негізгі өнімдері: легирленбеген болаттан жасалған жартылай фабрикаттар, легирленбеген болаттан жасалған жалпақ прокат, автомобильдер, мыс концентраттары, ауыл шаруашылығы өнімдері (бидай, ұн, соя майы және т.б.)
Өзбекстаннан келетін негізгі импорт – жеміс-жидектер, кірпіш пен құрылыс материалдары, керамика, этилен полимерлер.