Шымкент қаласының Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы "Рухани жаңғыру" бөлімінің ұйытқы болуымен өтіп жатқан КІТАП Фестивалінің үшінші күнінде "Мәртебелі оқырман" төріне мәдениет қайраткері, журналист, жазушы Күлия Айдарбекова жайғасты.
Қаламгер оқырмандарымен жылы кездесу өткізіп, ұлттық құндылық, ұлттық намыс, "қазақ қызы", ата-ана мен перзент арасындағы қырым-қатынас, қазіргі кітапхана жайын қозғап, тәрбиелік мәні терең сөз қозғады. Әсіресе, жиналған жастарға кітап оқудың маңызын ашып, ұлттық тәрбиеге мән беріп, оқырман жүрегіне ізгілік дәнін септі.
Ал Фестивальге келген тұрғындар мүмкіндікті пайдаланып, Қызмет Газеті басып шығарған, Күлия Айдарбекованың «Қазақ қызы» атты кітабын автордың қолтаңбасымен алды. «Әйелдің ғұмырында барлығы шектеулі. Қыз дәуренінің өз уақыты бар, ана болу бақыты 40 жасқа дейін деген секілді. Әйел затының негізгі миссиясы – ана болу. Барлығына үлгеру керек. Қызмет пен отбасы таңдауға түсетін дүние емес. «Мен қызмет істеп жүріп, күйеуге тимей қалдым. Балалы бола алмадым», деу дұрыс емес. Ол сенің мәселең. Себебі сен бір дүниені екінші нәрсемен шатастырып алмастырдың. Ертең қартайғанда аузыңа су тамызып, ақтық сапарға шығарып салатын, табытыңды көтеретін – перзенттерің. Ұжымдас, әріптестерің сені жұмыс орныңнан шығарып салмайды ғой. Осыны есте ұстау керек. Әйел болуға, ана болуға уақыт таппасаң, ешкімге өкпелеудің қажеті жоқ», дейді Күлия Смайылханқызы.
Айта кетейік, «Әкеге құрмет», «Анаға тағзым» кітаптарының авторы Күлия Айдарбекова еңбек жолын журналистикадан бастап, мемлекеттік қызметте, яғни облыстық басқармаларда басшылық қызметтерді атқарды. Бүгінде шығармашылыққа ден қойған.