Түлкібастың әлеуеті артып келеді

Screenshot_3.jpg

Түлкібас ауданына қарасты Састөбе кентінде орналасқан «Састөбе технолоджис» ЖШС-і құрылысқа қажетті цемент және әк шығарады. Негізі 1952 жылы қаланған кәсіпорын бүгінде сульфатқа төзімді «портландцемент» және «шлакопортландцемент» сынды өнім түрлерін шығарып, ел өңірлеріне өткізуде. Биыл қайта құрылымдаудан өткен кәсіпорында 536 адам жұмыспен қамтылған. Жұмысшылардың 95 пайызы жергілікті тұрғындар.

      Түлкібас ауданында болған жұмыс сапарында облыс әкімі Ө. Шөкеев қуаттылығы жылына 540 мың тонна (айына 45 мың тонна) цемент,  90 мың тонна (7500 тонна айына) әк өндіретін зауыттың тыныс-тіршілігімен танысты. Кәсіпорын басшыларының баяндауынша, цементтің халыққа сатылу бағасы – 18500 теңге, әктің тоннасы - 17500 теңгені құрайды. Биыл қыс айларында кәсіпорын 600 млн. теңге өз қаражатына модернизациядан өткізіп, қуаттылығын айына 57 мың тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Алдағы уақытта «Састөбе технолоджис» ЖШС-нің басты мақсаты - қаржыландыру көзін тауып, зауыт құрылғыларын кезең - кезеңімен толықтай жаңарту. Облыс әкімі зауыт басшылығына жұмысшылар мен қызметкерлердің еңбекақысын уақтылы төлеуді және өнім экспортын ұлғайтуды тапсырды.

      Облыс әкімі, сондай-ақ Састөбе кентінде орналасқан «Ер Жәнібек» атындағы спорт кешенінде болды. Спорт күніне орай ашылған нысан 454 млн. теңгеге мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде үш жақты келісімнің нәтижесінде салынған. Ал, спорт кешенін "Туған жерге туыңды тік" бағдарламасы аясында салған кәсіпкер - «Тұран спорт групп» құрылтайшысы Есбол Қамбаров. Болашақ ел намысын қорғайтын спорт шылар даярлайтын нысанда бокс, дзюдо, үстел теннисі, баскетбол, еркін күрес секілді спорт түрлерімен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. 240 адамға есептеліп салынған нысан киім ауыстыруға, душ қабылдауға арналған арнайы бөлмелермен жабдықталған. Сондай-ақ, бапкерлер мен дәрігерлердің жұмысына қолайлы жағдай жасау да ескерусіз қалмаған. 

Н.Тұрашбеков басқарып отырған ауданда жыл өткен сайын халықтың әл-ауқаты жақсарып, түйткілді мәселелер шешімін табуда. Мысалы, жол мәселесі де тұрақты назарда болып, әр жылы аудан орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттанып жатыр. Бүгінгі таңда аудан орталығы Т.Рысқұлов ауылында тағы бір көше орташа жөндеуден өтіп, ел игілігіне пайдалануға берілді. Орташа жөндеуден өткен Арыс көшесінің ұзындығы 1,3 шақырымды құрайды. «Жол қадірін жүрген білер» демекші, бұдан біраз жыл бұрын аудан халқы «жаңбырлы күні көшеде жүру мүмкін емес» деп базыналарын айтатын. Ал қазір ондай әңгімелердің ауылы алыстады. Өйткені, әр жылы ауылдарда кемінде 3-4 көшеге тас жол салынып, тұрғындар өз алғыстарын айтып келеді. Облыс әкімі ауданға сапары барысында Жаскешу ауылынан өтетін республикалық маңызы бар автомобиль жолында  салынып жатқан, ұзындығы 59 метр, ені 13 метр болатын көпір құрылысымен танысты. Құрылыс жұмыстарын «Евраскон» ЕвроАзиаттық құрылыс корпорациясы жүргізіп отырған көпір жуырда пайдалануға берілмек. Яғни құрылыс жұмыстарының 90 пайыздан астамы аяқталған. Аудандағы барлық жолдардың құрылыс кестесімен танысқан Өмірзақ Естайұлы тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. «Түркістан облысының аумағындағы 4 мың шақырым жолдың жалпы жұмыс картасын жасақтаңыздар. Қанша жолдың толық аяқталғанын, алда қаншасы қалғаны нақты бекітілсін. Алдағы уақытта Түлкібас ауданындағы тау шатқалдарына апаратын, халық көп жүретін барлық жолдар толық жөндеуден өтуі керек» , – деді аймақ басшысы.

Иә тау шатқалына апаратын сапалы жол табиғаты әсем ауданданда ішкі және сыртқы туризмнің дамуына оң ықпал етері анық. Аудан аумағында орналасқан киелі орындар, табиғаты тамаша жерлер аз емес. Солардың бірі  - «Түркібасы» әулиесі. Елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жалпыұлттық қасиетті мекендер ұғымының маңыздылығы жөнінде атап өткен болатын. Осы орайда «Түркібасы» әулиесінің алар орны ерекше. Бүгінде киелі нысанға келушілер қатары көбейе түскен.   Азаттық ауылында орналасқан «Түркібасы» әулиесі Түркістан облысының «Киелі жерлер географиясына» енген. Бұл нысан 2018 жылы аудан әкімдігінің ұйытқы болуымен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында толығымен жөнделіп, аумағы абаттандырылды. Бүгінде киелі нысан зиярат етуші туристердің көптеп келетін орнына айналып отыр.  Мұнарасының биіктігі 6 метр шамасында болатын Түркібасы әулиесіне келушілер баспалдақ арқылы жоғарыға көтеріледі. Баспалдақтың жалпы саны – 688. Жоғары көтеріліп 196 баспалдаққа жеткен соң, оң қанатта бұлақ суы бар. Кішігірім көлшік болып жиналған бұлақ суының оңтүстігі мен шығысында қарағаш тамырларынан шыққан бірнеше түп бұта бар. Бұлақ көзінің шығыс жағында 17-20 метрдей жердегі беткейде қамыс, қоға өскен. Сол араның солтүстік-шығысында жиде мен қарағаш өсіп тұр, айналасын қамыс пен қоға басқан. Аталған жердің бәрінде бұлақ көзі бар. 245-247 баспалдаққа көтерілгенде оң қол тұста диаметрі 10-12 метрлік тегістікте үш бұлақ көзі бар, жоғарылау тұрған бұлақ көзін қоға басқан, төбесі түнікемен жабылып, көлеңкеленген. Ал астындағы екі бұлақ үстіне тас қаланған, айналасы ашық. 322 баспалдақ тұсында шығысқа жүретін сүрлеу жол 18-20 метр жердегі төрт бұрышты темір мұнараға апарады. Түлкібасқа барар жолдың бойында орналасқан «Түркібасы» әулиесі жолаушылар үшін алыстан мұнарланып көрінеді. 

       Осы Азаттық ауылындағы «Майлыкент сүт» ЖШС-і жоғары сападағы, экологиялық таза сүттен жасалған түрлі өнімдерін тұтынушыларына ұсынып келеді.  Жеке серіктестік шығарған өнімдер тек ауданда ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де сұранысқа ие. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, бүгінгі таңда қарқынды жұмыс істеп келе жатқан «Майлыкент сүт» ЖШС-і күніне 5 тонна сүт өңдеп, майсыз сүттен бастап йогурт, айран, ірімшік сияқты 12 түрлі өнім дайындайды. Аталмыш кәсіпорын 30-дан астам ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отыр.  Жергілікті тұрғындардың сүтін бұрын «Фудмастер» жинайтын. Қазір тұрғындар күнделікті сүттерін осы жерге өткізуді әдетке айналдырған. Сұраныс күннен күнге артып, серіктестік жұмысы алға басып келеді. Ал, сүтке сұраныстың көбеюі ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарта түсуіне септігін тигізуде.

Screenshot_4.jpg 

      Ауданға сапары барысында облыс әкімі Ө. Шөкеев «Тұңғыш Президент» саябағында орналасқан «Жастар аллеясында» болды. Аталмыш нысанға бөлінген қаржы көлемі 12560,3 мың теңгені құрайды. Жастар жылында салынып жатқан аллея желтоқсан айында ел игілігіне пайдалануға берілмек.  Бүгінде, нысанның құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Аллея, әрине жастардың бос уақытын тиімді өткізіп, демалуына, серуендеп бір-бірімен ел ертеңі жайында еркін әңгімелесуіне жағдай жасау мақсатында салынып жатыр. Сондай-ақ, бүгінде жастардың кәсіпкерлікпен айналысуына  жасалып жатқан нақты қолдаулар көп. Мысалы, жастар жылында «Атамекен» Ұлтық кәсіпкерлер палатасы жұмыссыз, тұрақты табысы жоқ 18-29 жас аралығындағы жігіттер мен қыздарға арналған «Жас кәсіпкер» жобасын іске қосқан болатын. Аталмыш жоба бойынша өз ісін бастағысы келетіндер бір реттік қайтарымсыз грант ұтып ала алады. Бизнес жоспары дайын, алайда қаржы жағы қолбайлау болып отырған тұрғындар үшін керемет мүмкіндік береді.  Бағдарлама берген мүмкіндікті дер кезінде пайдалана білген 28 жастағы көпбалалы ана Олеся Дедер грант иегері атанған. Негізгі мамандығы массажист – косметология. Шымкент және Қытайда білім алған Олеся «Дулат» медицина орталығында өз мамандығы бойынша қызмет көрсетеді. Ұтып алған қаржысына, бастаған кәсібіне қажетті құрал-жабдықтарды алуды жоспарлап отыр. Олеся осылайша өз ісін дөңгелетіп, мемлекеттің қолдауын оңтайлы пайдалануды көздеп отыр. Түлкібас ауданында халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған осындай  игі істер көп. Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде тұрғындардың тұрмыстық жағдайы жақсара түсуде.

Ауданда атқарылып жатқан жұмыстармен жіті танысқан облыс әкімінің сапары барысында туризмді дамыту бағытындағы, кәсіпкерлік пен өнеркәсіп саласындағы мүмкіндіктер тиімді пайдаланылып жатқандығы аңғарылды. Осы орайда облыс әкімі алдағы уақытта атқарылар жұмыстар бойынша тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берді. 


Нұрила ЖҰМАДІЛЛӘ 


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Конституциялық сотқа тікелей жүгіну – конституциялық бақылау органының басты ерекшелігі
  • Заңмен тыйым салынған вейппен күрес тоқтамайды
  • Волонтерлер жемқорлыққа қарсы
  • Жүргізушіге қойылған талапты мопед иелері де сезінсе
  • Алаяқтықтың өте қауіптісі — интернет алаяқтық
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер