«Біз, Түркістан қаласына тарихи мәртебе беру – Елбасының жобасы екенін естен шығармауымыз керек. Сол себепті, тарихи қаланың ерекшелігін сақтай отыра, оны заманауи бағытта дамытудың негізгі үш бағытын жүзеге асырып келеміз. Ол үш бағыттың бірі –Тарихи-мәдени аймақ. Екіншісі – әкімшілік-іскерлік орталық, үшіншісі – ескі қаланы жаңғырту», - деді облыс әкімі Ө. Шөкеев Түркістан қаласының әкімі Р. Аюповтың халыққа есеп беру кездесуінде. Облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң баға берген өңір басшысы бірқатар тапсырма жүктеді.
«Түркістанды дамытуда өзекті мәселелердің бірі – қала халқын 100 пайыз табиғи газбен және сарқынды су жүйесімен қамтамасыз ету. Себебі, табиғи газбен толық қамту арқылы қаланың экологиялық ахуалын жақсарта аламыз», деген Өмірзақ Естайұлы жаздың аптап ыстығында қолайлы климат қалыптастыру үшін қаланы суландыру мен көгалдандыруды қолға алу міндетін атап өтті.
«Қала тұрғындары мен жаңадан қоныстанушылар тарапынан тұрғын үйге деген сұраныс артуда. Осыған сәйкес, салынатын тұрғын үйлердің санын арттыру және сыртқы келбеті мен сапасына мән беруді; Тұрғын үйлердің инженерлік-инфрақұрылыммен (абаттандыру, газ, су, кәріз, электр жарығы, жылу, байланыс торабы, т.б.) толықтай қамтамасыз етуіміз керек».
Басты мақсат – Түркістан қаласын тұрғындары мен қонақтарына жайлы, қауіпсіз, таза, көрікті де әсем қалаға айналдыру», деді Ө. Шөкеев.
Айта кетейік, әкімшілік іскерлік орталығында жалпы ауданы 575,8 мың шаршы метр немесе 7459 пәтерді құрайтын 156 көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 2019 жылдың қорытындысымен 32 үйдің құрылысы аяқталып, 1701 пәтер пайдалануға берілді.
Сондай-ақ, 2019 жылы қала бойынша 100 көше асфальтталса, биыл тағы да 100 көшеге асфальт төселетін болады.
Түркістан облысы өңірлік коммуникация қызметі