Шымкент қаласында табиғатты қорғауға бағытталған кең ауқымды «Taza Alem» экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Бұл бастама аясында қала маңындағы маңызды су көздерінің бірі — Бадам су қоймасында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Шараның басты мақсаты — қоршаған ортаны қорғау, экологиялық сананы қалыптастыру және жастардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру.
Акцияға Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығы» қызметкерлері, еріктілер қозғалысының мүшелері және коммуналдық мекемелердің жұмысшылары белсене қатысты. Жалпы саны 500-ге жуық ерікті жас табиғатты таза ұстауға өз үлесін қосты. Тазалық жұмыстарына 7 арнайы техника тартылып, су қоймасының жағалауындағы пластик, шыны және басқа да тұрмыстық қалдықтар іріктеліп жиналды.
Іс-шара нәтижесінде жалпы салмағы 7 тоннаға жуық әртүрлі қалдық арнайы полигондарға шығарылды. Бұл — бір күннің аясында жасалған үлкен еңбек. Акция барысында қатысушылар тек тазалық жұмыстарын ғана емес, қоршаған ортаға деген жауапкершілік жайында да пікір алмасып, экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Taza Alem» жобасы уақытша акция ғана емес, тұрақты түрде жүргізілуі тиіс экологиялық қозғалысқа айналуы қажет. Табиғатты қорғау мен оны таза ұстау – әрбір азаматтың күнделікті өміріндегі басты ұстаным болуы тиіс.
Жасыл табиғатты сақтау – келер ұрпаққа аманат. Бұл шара жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, экологиялық сауаттылықты арттыруға және қоғамда белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған нақты әрі нәтижелі қадам болды.
Бүгінгі іс-шара — қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты қадамдардың бірі. Бұл бастама қала тұрғындарын, әсіресе жастарды табиғатқа жанашыр болуға, оның болашағы үшін жауапкершілік алуға үндейді.