
Соңғы жылдары Қазақстанда асқазан-ішек жолдары ауруларының көбеюі алаңдатарлық деңгейге жетті. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында бұл дерттер саны соңғы бес жылда үш есеге артқан. Мамандар мұны қоғам денсаулығына төнген елеулі қауіп деп бағалайды.
Бұл мәселе «Асқазан-ішек патологиясы бар күрделі науқастар: мамандықтар тоғысындағы шешімдер» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы барысында кеңінен талқыланды. Шымкент қаласында өткен жиынға еліміздің әр өңірінен келген 150-ден астам жетекші дәрігерлер мен ғалымдар қатысты. Іс-шара GastroMed гастроэнтерология клиникасы, Қазақстан гастроэнтерологтарының Альянсы және Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясы бірлесіп ұйымдастырды.
Жиында айтылғандай, бүгінде гастрит, панкреатит сынды аурулар тек ересектерге ғана тән емес. Олар жастар мен жасөспірімдер арасында да жиі кездесетін дертке айналып барады. Ал асқазандағы ауырлық, іштің кебуі сияқты белгілер көпшілік үшін үйреншікті жағдайға айналған.
Дәрігерлердің пікірінше, аурулардың көбеюіне ең алдымен дұрыс тамақтанбау әсер етіп отыр. Фастфуд пен газдалған сусындарды шамадан тыс тұтыну ағзаға айтарлықтай зиян келтіреді. Мұндай әдеттер семіздікке, қант диабетіне, атеросклерозға, бауыр ауруларына, жүрек-қантамыр және эндокриндік жүйе сырқаттарына әкеледі. Сонымен қатар, дұрыс тамақтанбау қатерлі ісікке шалдығу қаупін де арттырады.
GastroMed гастроэнтерология клиникасы директоры Ләззат Сыздықованың айтуынша, еліміздің оңтүстік өңірінде асқазан-ішек жолдары аурулары жиі тіркеледі. Осыған байланысты Шымкентте республикалық деңгейде конференция өткізу маңызды болған. Жиын барысында Алматы мен Астана қалаларынан келген жетекші мамандар өз тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерді талқылады.
Мамандардың айтуынша, асқазан-ішек ауруларының көбеюіне тек дұрыс тамақтанбау ғана емес, салауатты өмір салтын сақтамау, сондай-ақ түрлі бактериялар мен вирустардың әсері де ықпал етеді. Сондықтан мұндай ғылыми кездесулердің басты мақсаты – тәжірибе алмасу, заманауи емдеу тәсілдерін енгізу және жас мамандардың біліктілігін арттыру.
Гастроэнтеролог дәрігер Әсем Құрманғалиева да конференцияның маңызына тоқталып, мұндай алаңдар өңір мамандары үшін жаңа білім мен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі таңда ас қорыту жүйесі ауруларының артуына өмір салты мен инфекциялық факторлар тікелей әсер етуде.
Сала мамандарының пікірінше, асқазан-ішек ауруларының өсуін тоқтату үшін кешенді шаралар қажет. Оның ішінде дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру, ерте диагностика және алдын алу жұмыстарын күшейту маңызды рөл атқарады.
