Әзілкеш Әбдірахымовтың елді мазақ қылған шоуына қош келдіңіз! (видео)

IMG-20180329-WA0028 копия.jpg

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов Қаратау ауданының әкімі Исамидин Қантөреевтің есебіне қатысты. Қаратау – жаңадан құрылған шет аудан болған соң мұнда көтерілер проблема көп екені айтпаса да түсінікті. Тұрғындар қала әкімінің алдарына келіп тұрғанын пайдаланып, көкейіндегі сұрақтарға барынша жауап алуға тырысты. Дегенмен, бүгін Ғабидолла Рахматоллаұлының көңіл-күйі болмады ма, жөнсіз сұрақ қойғандарға эмоциясын іште сақтай алмай қатты ренжумен болды. Ең соңы, проблеманың бәрі – халықтан туатынын, әкімдіктің ешқандай кінәсі жоқтығын мәлімдеді. 

Сонымен қатар, әкім көп шатаса бастаған секілді. Мысалы, ол бастапқыда соғылғанына 3-4 жыл болған Тұран шағынауданының тұрғындарының көпшілігі бақуатты екенін, жаңа үйлерде тұратынын, проблемалары басқа шағынаудандарға қарағанда аз екенін ( қала әкімі шатасып «жоғары» деді - автор) айтты. 

Бірақ, Тұран шағынауданының тұрғыны өздерінің әкім айтқандай бақуатты тұрмайтындарын жеткізіп, әкім сөзін жоққа шығарды. Қысқаны – ұзын, қараны – ақ, ашты – тоқ, жоқты – бар деп көпе-көрнеу өтірік айтса кез-келген адам ашуланады емес пе?

– Егер біз бақуатты болсақ, мұнда келмес едік. Бізде жол мәселесі өте үлкен. Бала жүрсе машина жүре алмайды, машина жүрсе бала жүре алмайды. Немесе машина соғысып, баланы өлтіру керек. Онда сол уақытты күтейік. Қыста қар жауса Тұранның жағдайын түсіну үшін осында келіп тұрыңыздар, - деп Тұран тұрғыны күйінішін жеткізді. 

Ғ.Әбдірахымов: Три дороги мы начали же в Туране уже.

Аудан тұрғыны: Начали. А когда закончится? Там вообще движение нет... Бақуатты болсақ, жекеменшік мектепке жүргізуші жалдап барар едік. Мен 4 баламмен бір бөлмелі пәтерде ипотекамен тұрамын. Бақуатты болсам тұрмаймын ба...

Залдан шыққан дауыс (қағытып): Бәрі бақуатты!

(Зал ішінде күлкі)

Ғ.Әбдірахымов (ашу шақырып): Мен айтқам, басқа елдермен (әкім басқа шағынаудандарға деп айтқысы болған болу керек – автор) салыстырғанда деп айттым. Сіздер сөзбен ойнай бермеңіздерші. Біз бұл жерге ойнау үшін келген жоқпыз. Ерігіп жүрген жоқпыз бұл жерде. Сұрақ қояр болсаңыздар нақты сұрақ қойыңыздар. Күліп-ойнауға бұл жерде уақыт жоқсіздермен. Әзілдесіп отыратын. Миллионды қалаға 700 қызметкер жұмыс істеп жатыр азаннан кешке дейін. Соны түсініңіздер. Жастарыңызға қарамай отырсыздар ойнап, - деп  зілді ренішін жеткізді. Зал іші әкімнен сескеніп, тыншып қалды.  

Одан кейін Нұртастағы Ақсұңқар көшесінің төрайымы Роза Амирбекова да жол мәселесін көтерді. Оның айтуынша, жолға асфальт сапасыз төселген. Соның салдарынан тротуар мен жолдағы асфальтқа 1 жылдан кейін шөп өсіп кеткен.  

Ғ.Әбдірахымов: Сіздің мәселеңіз не? Айтыңызшы. Асфальтқа шөп шықпасын ба?

(Зал ішінде күлкі)

Роза Амирбекова (біртүрлі болып қалып): Асфальтқа шөп шықпау керек қой. Сапасы төмен...

Бұл жерде көше төрайымы жолдар өте сапасыз салынатынын, төселетін асфальтынан топырағы көбейіп, жол үгітіліп, шөп-шалам өсіп кететінін, сол себепті, жолды қабылдап аларда бақылауды күшейту керектігін айтып шағымданған еді. Бірақ, бұны Әбдірахымов түсінді ме, әлде түсінбеді ме, әйтеуір «асфальтқа шөп шықпасын ба?» деп тұрғынды мазақ қылғандай болды.   

Аудан әкімі: (қала әкімі әзілдеп «повод» бергесін (ыңғай білдіргесін) ол да әзілдеді): Сапасын тексереміз. Шөп болса орамыз. 

(Зал іші күлкі) 

Әбдірахымов та екі езуі екі құлағына жетіп күлді. Әлгінде ғана «біз мұнда әзілдесіп, күліп-ойнау үшін келген жоқпыз» деп тулап еді, енді елге өзі әзілдеп, күліп алды.  

Роза Амирбекова (жұртқа күлкі болғанына қатты қысылып қалып): Бұл күлетін мәселе емес. Сіздер ол жерде тұрмайсыздар. 

Осы кезде қала әкімі артық кеткенін түсінген болуы керек, дереу «есін» жинап, көше төрайымының көтерген мәселесінің дұрыс екенін айтып, кінәсін жуып-шаюға әрекеттенді. Даусын жұмсартып, моп-мамақан күйге енді. Әлгіндегі ашулы жүзінен жұрнақ та қалмады. 

Ғ.Әбдірахымов: Действительно она права да. Мен қосыламын. Себебі, асфальт сапалы салыну керек. Мен сендерге әрдайым айтамын (жауапты басқарма басшысына - автор) Ол үшін дұрыс технодзор болу керек. Сіздікі дұрыс. Тек асфальт қана емес, барлық нәрсе сапалы болу керек. Біз оны бақылауымыз керек. Ол біздің міндетіміз – деп жылы-жылы сөйлеп, көше төрайымының көңілін тапты. 

Жалпы, бұл есепті кездесу «көңілді» өтті. Түрлі қиындықтардан шаршап, жүйкелері тозып жүрген тұрғындардына Ғабидолла Әбдірахымов жетер жерлеріне жеткізіп ұрсып та, ұтқыр әзілімен күлдіртіп те,  позитивті сөздерімен (мысалы, «мен қайта келдім ғой (әкім болып - автор)» деп) серпілтіп те алды. Бұған дейін Қаратау ауданы әкімдігі есепті кездесулерді ың-шыңсыз өткізіп жүрді. Мәселе көтерген тұрғындарды барынша түсініп, қарт кісілерге елпілдеп ізет танытатын. 

Screenshot_1.jpg

Ал, қорытынды кездесуге қала әкімі қатысып еді, біраз «концерт» болды. Бір қыңыр адамдар болады ғой, жүрген жерінен шөп шықпайтын. Ал, Әбдірахымов қалаға әкім болып келгелі қара жерді қойып, асфальтқа дейін шөп қаулап өсіп кетті. 

Негізі, қала әкімінің жүрген жері мереке екенін айтпай кетпеске болмас. Алғаш әкім болып келгенде жұртты улатып-шулатып велосипед мінгізді, әкімдіктегі бөлім басшыларын жаппай автобусқа отырғызды. Креативті ойларымен Қазақстанды аузына қаратты. Енді не істейді, не дейді? Бұны уақыт еншісіне қалдырайық.  

Абылай ЕСІМБАЙ,

«Рейтинг» газеті

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте үздік ұлттық киім үлгілері анықталды
  • Аким Шымкента наградил слесаря, спасшего семью от гибели
  • Слесарьдың шұғыл әрекеті отбасын өлімнен құтқарып қалды
  • Шымкенте бұрыңғы қоқыс полигоны орнында экопарк құрылысы басталды
  • В Шымкенте началось строительство Экопарка на месте бывшего мусорного полигона
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер