Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовтың назарына!
Әдейі адам өлтіру абайсызда деп ауыстырылып, қылмыскер бостандыққа жіберілген
Ақпан айының 28-інде кешкі уақытта мектептегі футбол алаңына барып, бір сәт доп теуіп қайтуға шығып кеткен отбасының асыраушысы, төрт перзенттің әкесі Самат Жұмаділовтің өз шаңырағына енді тек өлі денесі оралады деп ешкімнің алдын ала ойламағаны анық. Әрине, бәрі де Алланың жазуы, оған көнбеске шара жоқ қой. Бірақ осы ауыр қылмысты тергеп жатқан құзырлы орган қызметкерлерінің құдайшылдықтан аттап кетпегеніне, өздеріне тиесілі міндетті адал атқарып отырғанына, заң шеңберінен шықпағанына күдік-күмәннің бары рас.
«Рейтинг» газетінің редакциясына келген марқұм Самат Жұмаділовтің жұбайы Нұргүл Айдаралиеваның айтуынша, кешкі сағат тоғыздардың шамасында доп тебуге кеткен күйеуінің досы Арман телефон арқылы хабарласып, Саматтың қаладағы ауруханалардың біріне түскенін, дәрігерлердің «науқастың жүрегі қысылып жатыр» деп жатқанын айтыпты.
-Күйеуім содан біраз уақыт бұрын жүрегі ауырып, емделіп шыққан болатын. Алғашқыда тағы да сол ауруы сыр берді ме деп ойладым. Көшеге шығып, такси тоқтатып тұрғанымда ауруханаға бара жатқан Саматтың досы Болатқа жолықтым. Соның аузынан күйеуімнің пышақталғанын естідім. Ауруханаға келгенде бәрі кеш болды. Саматтың демі бұл кезде үзіліп кеткен екен,- деді Н.Айдаралиева.
Төрт қызымен аңырап қалған жесір ана оқиғаның мән-жайына жаназадан кейін қаныққан.
-Қанды оқиға Шымкент қаласы Қайтпас елді мекеніндегі орта мектептің футбол ойнайтын алаңында орын алған. Күйеуімді пышақтады деген күдікті Тотыбаев бізбен бір көшеде тұрады. Күйеуім екеуі бір мектепте оқыған көрінеді... Доп ойнап жүрген кезде Самат екеуі сөзбенен ерегісіп қалғанға ұқсайды. Бірақ оқиғаның соңы кісі өлімімен аяқталады деп ешкім ойламаған. Күдікті кетіп қалып, арада біраз уақыт өткеннен кейін қолына пышақ алып, қайта оралған. Келген бойда күйеуіме пышақ ала жүгірген. Самат пышақты денесіне тигізбеу үшін қорғанысқа көшкен. Күдікті бұзақылық ниетпен Саматтың балтырына пышақ тығады. Ол өзі сілтеген суық қарудың жәбірленушінің аяқ тамырын кесіп кеткенін, қанның тоқтаусыз атқылап ағып жатқанын көрген. Бірақ оған ешқандай көмек көрсетпестен жауапкершіліктен құтылу мақсатында оқиға орнынан кетіп қалған,- деді Нұргүл.
Арызданушының бізге ұсынған құжаттарына қарағанда, марқұмның ажалы пышақпен салынған жарақаттан және соның салдарынан туындаған көп қан жоғалтудан болған. Күдікті арада бес күн өткенде ұсталған. Осы бес күнде қайда жүргені белгісіз. Бірақ арызданушылар осы аралықта оның Қызылорда облысында болғаны, сол жақта бұрын құқық қорғау органдарында істеген туысын паналағаны жөнінде мәліметтердің барын айтып отыр. Сол туысы тергеу амалдарына ықпал етуі мүмкін деген күдіктерін де жасырған жоқ. Әрине, бұл күдік. Бірақ істің бұдан кейінгі беталысы күдікті қоюлатып жіберген.
-Алғашқы кезде біз полицияға толығымен сендік. Қасақана кісі өлімі бойынша тиісті шаралар қолданылады деп ойладық. 7 наурызда күдіктінің бас шарасын белгілеу жөніндегі алғашқы сот отырысына біздің тарапымыздан ешкім қатыспады. Осы соттан кейін тергеушілердің Тотыбаевтың әрекетін Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3 бөлімі, яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне апарып соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру бабымен сараланғанын білдік. Сонда қалай, күдікті оқиға орнынан кетіп қалып, пышақ алып келіп, (яғни қылмысқа алдын ала дайындалып), күйеуімді қасақана өлтіру мақсатында пышақ сұғады. Ал тергеушілер мұны қасақана кісі өлтіру деп есептемейді. Қылмыстық іс жеңілдеу баппен қозғалғандықтан шығар, сот күдіктіні қамаудан босатып, үй қамағында отырсын деген қаулы шығарды. Тергеу судьясы Анарбаев сотта Тотыбаевқа бұрыннан жақсы танитын адам сияқты тек жақсы жағынан мінездеме беріпті. Ауыр қылмыс істеді деген күдікке іліккен адамға судьяның да мейірімді бола қалғанын түсіне алмай отырмыз,- деді арызданушы.
Құжаттарға қарағанда, жәбірленушілер сот қаулысымен келіспей, Шымкент қалалық сотына шағым берген. 27 наурызда сот шағымды қарап, қанағаттандырусыз қалдырған. Жәбірленушілер Қаратау аудандық прокуратурасына да арызданған. Аудан прокурорының міндетін атқарушы Д.Айтишевтің берген хатына қарағанда, 29 наурызда прокуратура Тотыбаевтың іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабының 9 тармағымен, яғни бұзақылық ниетпен қасақана кісі өлтіру бабымен процестік шешім қабылдау жөнінде тергеушілерге нұсқау берген. Яғни, заңдылықтардың сақталуын қадағалаушы прокуратура күдіктінің әрекетін қасақана кісі өлтіру деп саралаған. Алайда Н.Айдаралиеваның айтуынша, бұдан ештеңе өзгермеген.
-Менің талабым, бірінші кезекте күдікті Тотыбаев қамауға алынуы тиіс. Ол ауыр қылмыс жасады. Жасы кәмелетке толған, ауру емес. Бостандықта жүрсе, ол тергеу амалдарына ықпал етуі әбден мүмкін деп есептейміз. Қазір тергеушілер ұрлық істегенді де қамауда ұстайды. Ал Тотыбаевқа келгенде олардың неге кеңпейілді бола қалғаны әртүрлі күдіктерге жетелейді. Тотыбаевтың тергеу амалдарынан бой тасалап кетпейтініне кім кепілдік бере алады? Тергеушілер ме? Екіншіден, күдіктінің іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 99-бабымен, яғни қасақана кісі өлтірумен қайта саралануын талап етеміз. Ол пышақ алып, оқиға орнына қайтып оралады, күйеуіме қаза келтіру мақсатында пышақ салады, оқиға орнынан бой тасалайды, зардап шегушіге ешқандай көмек көрсетпейді. Осы әрекеттерді абайсызда денсаулыққа зиян келтіру бабымен саралау қаншалықты қисынды? Шымкент қалалық полиция департаментінің басшылығына талап-тілегімізді енді ақпарат құралдары арқылы жеткізуден басқа амалымыз қалмады, -деді Н.Айдаралиева.
Жуырда Президент Тоқаев полицейлерге халықпен қоян-қолтық араласып жұмыс істеуді, арыз-шағымдарға жіті назар аударуды тапсырғаны белгілі. Ендеше Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Ералы Жұмаханбетовты Жұмаділовтің өлімі алаңдата ма? Жоғарыдағы арызға не деп жауап берер екен? Талап-тілекті «жабулы қазан жабулы» күйінде қалдырмаса екен дейміз. Ал марқұмның әлі ештеңеден хабарсыз төрт перзенті (ең үлкені енді он жасқа толады) «әкеміз қашан келеді» деп есік ашылса таласа жүгірумен, терезеге телмірумен күндері өтіп жатыр. Әзірге ойын баласы саналатын оларға қаралы хабарды айтуға ешкімнің батылы бармай «әкелерің ұзаа-аақ уақытқа іссапарға кетті» деп алдандырумен шектеліпті. Алла жазса жүкті әйелі аман есен бесінші сәбиін босанып алса ол да есейе келе әкесін сұрайтыны анық. «Мезгілсіз өлімге кінәлі қылмыскер заң алдында лайықты жазасын алды». Ендігі жерде балалардың да, басқалардың да көңілін аулайтын жалғыз жауап осы ғана. Сіз не дейсіз, Ералы Жұмаханбетов мырза, солай емес пе?
Жәнібек Тархан, «Рейтинг» газеті 18 сәуір 2019 жыл.