Маусымның ортаңғы аптасында дәрігер қауымның төл мерекесі аталып өтті. Жыл он екі ай науқастың көңілін сұрап, жағдайын жасайтын аз халаттылар осы күні өздерінің атына түрлі мадақ пен марапат есітеді. Және олар соған лайықты да.
Кешегі күні аталған мейрамның құрметіне Шымкенттегі Халықтар достығы үйінде қала әкімі Ғ. Әбдірахымов дәрігерлерді құттықтап, медицина саласындағы соңғы жаңалықтармен бөлісті.
– Елбасының тапсырмасына орай, бірінші маусымнан бастап дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға көбейді. Шымкент қаласындағы №2 бұрынғы Фосфоршылардыкі деп аталған аурухана мен қалалық перзентхана күрделі жөндеуден өтеді. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 8 денсаулық сақтау нысандары қайта жөндеу көреді. Қаланың шет аймақтарындағы халыққа жағдай жасау үшін жергілікті бюджеттен 11 дәрігерлік- амбулаториялық шағын нысандардың құрылысы жүреді. Кәсіпкер Серікжан Сейітжановтың бастауымен 1200 төсекке арналған көпсалалы аурухана салынады. Аурухананың қасына жаңа университеттің құрылысы жүріп, қасында клиникасы болады. Бір апта бұрын инвесторлармен сөйлестім, тамызда құрылысын бастайды,- деді шаһар басшысы.
Жаңа аурухана салынып оған заманауи құрал-саймандар алынып жатқан жерде техниканы игеріп кететін дәрігерлердің де біліктілігін арттыру қажет. Әкім оны да ұмытпапты. Осы жағынан қолқабыс ету үшін жергілікті, республикалық және халықаралық оқу-тәжірибелік біліктілікті арттыру орталығына 11 дәрігерді тегін жібереді. «Болашақ» бағдарламасы бойынша ақ халаттылардың да оқып, шет ел көріп келгенін қатты қалайтынын, реті келсе өзі де көмек беретінін айтты. Әрбір науқастың өмірі үшін өзін ұмытып, түнгі ұйқыдан қалатын адал ниетті маман иелеріне қандай құрмет көрсетілсе де жарасымды. Жас мамандарды уақытша баспанамен қамту үшін екі үлкен пәтер типтес жатахқана салынатын болады. Жыл соңына дейін мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 100 санитарлық автокөлік сатып алынып, бірыңғай қалалық колл-центр жұмыс істеуге көшеді. Осы көліктер келсе сырқат шақырғанда жедел жәрдем көлігі он минутта жететіндей жағдай орнамақ. «Инстаграмдағы парақшама көпшілік жедел жәрдем көлігінің бір сағатта келетінін жиі жазады. Қала аумағы үлкен. Сондықтан күзде осы көліктер келсе халық тарапынан наразылық тумайтын шығар,-деді Ғ.Рахметлоллаұлы. Мұның бәрі әзірге әкімнің жоспарын түзген қағазында. Ретімен орындалып жатса оны да сүйіншілейтін уақыт келеді.
Осыдан кейін әкім білім саласында мұғалімнің жұмысқа тұруын тәртіпке келтіргенін, енді дәрігерлерді де жұмысқа қабылдарда арнайы комиссия құрылу керектігін бір айтып өтті. Жұмысқа алу кішкентай кабинеттерде «өзара ғана шешілмеу» керектігін қайталады. Оны тыңдағандар қаншалықты орындайтынын келер күн көрсетпек. Сонымен қатар, өлкенің денсаулық сақтау саласын ілгері жылжытқан, биыл ғана бақиға аттанған облыстың маңдайалды дәрігері Мади Бегалиевтің де бейнесі көрсетіліп, ерен еңбегі аталды. Жалпы, бұл күні дәрігерлерге марапат «жауды». Шымкент қаласының әкімінен бастап, қалалық мәслихат хатшысы Ғани Ташқараев, «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Баһадүр Нарымбетов бірқатар мереке иелеріне Алғыс хат тапсырды. Олардың арасында қалалық онкологиялық орталық маманы Ермахан Сапаров, жоғары медицна колледжінің оқытушысы Бақытты Фазылова сынды білікті мамандар бар. Жекеменшік «Даумед», «Медикер ЮГ» ЖШС қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Тағы бір қуаныштысы №2 емхана акушері Назгүл Жақаншаева, №4 қалалық поликлиникасының медбикесі Лаура Шырынқызы сынды алты маман әкімнің қолынан кезегі келген өз пәтерлерінің кілтін алса, қалалық кардиологиялық орталықтың дәрігері Азат Тұрсынбеков пен осы орталықтағы бас дәрігер міндетін атқарушы Ермаханбет Қуатбаев қызметтік пәтерге ие болды.
«ҚР Денсаулық сақтау сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі қалалық периноталдық орталығының жансақтау бөлімінің меңгерушісі Батыр Шамамутовқа, №1 Оңалту орталығы бас дәрігерінің орынбасары Мейрамкүл Алтаеваға, №2 қалалық ауруханының дәрігер хирург-дәрігері Сағи Бекбауұлы сынды бірқатар мамандарға табысталды. Одан бөлек «ҚР Денсауық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төс белгісімен денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Айгүл Иманалина, №4 қалалық емхананың дәрігер -физиатры Гүлшат Дәуренбекова сынды 4-5 маман марапаталды. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасын тәуелсіздіктің алғашқы жылдары басқарған медицина ғылымының кандидаты Икрам Төленов:
– Сіздер үшін ерекше мереке. Мұғалімдер мен дәрігерлерге Елбасының назары түсіп, жалақыларын көбейтіп жатыр. Медицина қызметкерлері қауымдастығының атынан биыл арнайы төсбелгі шығарып, соны оңтүстік медицинасының абызы, «Құрметті дәрігер» Әбдуәлі Жақсыбаевқа тағуды жөн көрдік. Қария саналы ғұмырын шымкенттіктердің денсаулығын түзеуге арнаған,- деп ортаға шыққан ақсақалға марапатты табыстады. Дәрігерлер жеке дара емес, ұжымдық еңбектің нәтижесінде де марапаттан кенде болмады. Мәселен, үздік медициналық ұйымдар номинациясы бойынша «Үздік аурухана» атағын қалалық онкологиялық орталығы алып, бас дәрігері Сәкен Қатбаев көпшіліктің алдына шықты. «Үздік емхана» бойынша №3 балалар емханасы, «Үздік медициналық ұйым» атағына қалалық қан орталығы сай деп танылды. Одан соң Жібек Телманқызы «Үздік терапевт», Бауыржан Байтөреев «Үздік хирург», Марина Сим «Үздік балалар дәрігері» атанды. Сонымен қатар, медицина қызметкерлері арасында өткізілген спартакиада қорытындысы бойынша жеңімпаз деп танылған №1 қалалық клиникалық аурухана ұжымының марапатын бас дәрігері Абылай Әбдіжаппарқа табыстады. Уақытын қиып келген ардагер дәрігерлерге гүл шоқтары сыйға тартылды.
Салтанатты жиын күнде ақ халаттылардың жұмысынан бейхабар бізге әсерлі өтті. Өйткені, тек ән шырқалып, марапатталып қана қойған жоқ жұмыстағы ауыр сәттер жайлы да арнайы әзірлеген бейнетаспа көрсетілді. «Рахмет дәрігерге» деп аталатын шағын бейнероликте үш ай ғана бұрын болған оқиға суреттеледі. Ауыр халдегі аналар мен нәрестелер қаладағы перинотальдық ауруханаға жеткізіледі. Жақында №1 периноталдық орталыққа түскен жүкті келіншек баласын дүниеге әкелгенмен, өмір сүруі табан астында екіталай болады. Осындағы дәрігерлер жедел ота жасайтын әріптестерін ұйықтап жатқан жерінен шақырып, қаладағы білікті мамандарды алдыртып уақытпен санаспай анаға ота жасап, өмірін аман алып қалады. Яғни, Айгүл есімді келіншек үшінші жүктілігінде аурухана түсіп, дәрігерлердің арқасында бір өлімнен қалады. Сондықтан, бүгінгі күні баласын қолына ұстаған ол арнайы келіп дәрігерлерді құттықтады. Сәби мен анаға дер кезінде көмектескен нейрохируг Сәрсен Маханбетов, Ержан Сералыұлы, акушер-гинеколог Сәуле Дүйсенбаева, Галина Бабулхайстызы, жедел жәрдем дәрігері Ғани Аппазовтар сахнаға шығып, қошеметке ие болды. Мерейлі мерекеде Балалар көркем сурет мектебі ЮНЕСКО Клубы оқушылары келген қонақтарға өз туындыларын көрсетсе, медицинаға қажетті заттарды шығаратын бірқатар компаниялар өнімдерінің көрмесін ұйымдастырды. Іс-шарадан соң дәрігерлер шипагер, Өтейбойдақ Тілеуқабылұының ескеркішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
Д. МЕЙІРМАН
Сурет авторы Серік Қосаев.