Қазіргі таңда Шымкент қаласында екі типтегі аялдамалар қойылып жатыр. Бағасы 900 мың мен 2 миллион теңге аралығын қамтиды. Олардағы ерекшелік – сауда-саттық жасайтын орындар болмайды. Негізінде халықаралық талаптарға сәйкес, аялдамаларда сауда жүйесі болмауы тиіс. Ол автобустардың қозғалысы мен қауіпсіздігіне қауіп келтіреді. Сонымен қатар, антисанитариялық тұрғыдан да талапқа сай келмейді. Ал бағасының қымбаттығы – сапасының жоғары болуына байланысты. Қазір қойылып жатқан әйнек аялдамалар төзімді материалдан жасалғандықтан сынбайды, орындықтары ағаш-полимерлі композиттен құралған. Олардың бағасы бүгін-ертең қымбат делінгенімен, сапасы тұрғысынан ұзақ жылдарға жарамды дейді мамандар. Жыл соңына дейін осындай 260 аялдама қойылады екен
Салаға жауапты мамандар республикамыздың үшінші мегаполисінде жолаушылар тасымалы саласында қоғамдық көлікке басымдық беру бойынша жаңа жобаларды қолға алуда. Ол үшін автобустарға көшелерде арнайы жолақтар енгізу мәселесі сараланып жатқанға ұқсайды. Бұл алдағы уақытта халықтың талқысына салынатын болады.
Айта кетейік, жақында қоғамдық көлік жүйесінің жаңа концепциясы қабылданып, бұл салаға қатысты өзгерістер басталып кеткен болатын. Тұжырымдаманың қабылдануы, салаға түбегейлі өзгеріс енгізу – бірден қабылданған шешім емес. Қалада жолаушылар тасымалының жұмысын жақсарту мақсатында жыл басынан бері мамандар тарапынан зерттеу мен талдау жұмыстары жүргізілген. Алдымен «Online» режимінде қала тұрғындары арасында ( 21 мың адам) сауалнама жүргізіліп, нәтижесінде олардың 75%-ы қоғамдық көлікті модернизациялауды талап ететіні айқын болды. Нақтырағы, жолаушылар автобус бағыттарын өзгерту мен жаңартуды, қызмет көрсету сапасының жақсаруын қалайтындықтарын жеткізген.