Халық санағы еліміз үшін аса маңызды шаралардың бірі. Ел тәуелсіздігін алғалы үшінші рет өтіп жатқан санақта Қазығұрт ауданының белсенділігі жоғары деңгейде. Бүгінде өңір тұрғындары санақтан онлайн өтуді бастап кеткен.
1 қыркүйектен бастап елімізде жалпыұлттық халық санағы басталды. Биылғы шара алғаш рет цифрлық технологияларды қолдану арқылы өтпек. 15 қазанға дейін кез келген ел азаматы sanaq.gov.kz сайтында онлайн режимде халық санағынан өте алады. Сайт 24 сағат бойы қол жетімді.
Қазығұрт аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров халық санағына қатысу - әрбір азаматтың мемлекет алдындағы парызы екенін айтты. Мемлекет тағдырына бей-жай қарауға болмайтынын түсіндіріп өтті.
Халық санағы – қоғамның әлеуметтік-демографиялық бейнесін бағалаудың құралы. Онда сол аумақтағы халықтың саны, қүрылымы, әлеуметтік-экономикалық сипаты туралы ақпарат жинақталады. Санаққа қатысқан әрбір Қазақстан азаматы елдің әлеуметтік бағдарламаларын жоспарлауға және дайындауға ауқымды үлес қосары сөзсіз.
Қазығұрт аудандық мәслихат хатшысы Өріс Копеев cанаққа белсене ат салысу керектігін айтты. Белсенділік таныту арқылы ел болашағының дамуына өз үлесімізді қосамыз.
Айта кетсек, ағымдағы жылдың 1-қыркүйегінен бастап онлайн жүйе өз жұмысын бастаса, дәстүрлі санақшылардың жұмысы 1-қазан мен 30-қазан аралығында өтетін болады.