Елдімекен, өңірлерде тұрғындарға өмір сүруге қолайлы орта қалыптастырып беру аса маңызды. "Арқа жылы болса, арқар ауып несі бар?" демекші, тұрғындар жайлы ортадан ешқайда көшіп кетпейді. Егер өмір сүріп жатқан жері тым қолайсыз, ешқандай жағдай жасалмаған болса ол жерден кеткенше асығады. Әсіресе ауылды жерлерде тұрғындарға жағдай жасау өте өзекті. Халық нәпақасын ауылдан тапқаны абзал. Ауыл көркейсе мемлекет те көркейеді.
Осы орайда «Nur Otan» партиясы Қазығұрт аудандық филиалының төрағасы Арман Абдуллаевтың қоғамдық қабылдауына Калтаева Зубайра және бір топ ауыл тұрғындары келіп, Қазығұрт ауыл округінің Айшабибі көшесінің тұрғандары төрт қабатты 32 пәтерлі 1980 жылдары іргетасы қаланған ғимараттың кәріз жүйесінің тозығы жеткендігін алға тартқан болатын. Осы ыңғайсыздықтан соң тұрғындарға көпқабатты үйде тұру өте қиын тиген. Қыс ауасы жақындап келе жатқанда пәтерлерде тұру бұдан да қиындайтынын алға тартты.
Осыған байланысты аудан басшысы Арман Айдарұлы арнайы барып тұрғындармен кездесіп, пәтерге ауыз су беру мен кәріз жүйесін жүргізудің шешу жолдарын қарастырды. Алдағы уақытта мәселе оң шешімін тауып, тұрғындар қуанатын күн алыс емес.