Қазіргі таңда жұмыс табу әрбір азамат үшін өте маңызды. Жұмыссыз жүру басына сын, отбасына ауыртпашылық. Жұмыс істейтін азамат отбасын да асырап, өз сұранысын да қанағаттандырып, қоғамға пайдасын тигізеді. "Жұмыс жоқ" деген жай ғана сылтауға айналды. Бүгінде жұмыс істеймін деген адамға мүмкіндік мол. Әсіресе Солтүстік өңірлер өздері жұмыс ұсынып, оңтүстік тұрғындарын өз жерлеріне шақыруда.
Осы орайда бүгін Қазығұрт ауданы Қазығұрт ауыл округінде Павлодар облысы Павлодар ауданының делегациясы көш – қон және еңбек бағдарламасы аясында жиын өткізді.
Павлодар облысының Жұмыспен қамту орталықтарының мамандары бос жұмыс орындарын ұсынды. Сонымен бірге осы аудандарды танстырған бейнебаяндарын көрсетті. Павлодар облысының жері кең, адамы аз екенін айта келіп, осы облысқа келіп, мал бағып, егін салам дегендерге жер берілетіндігін, әрбір қоныс аударушыларды аудан әкімдерінің өздері күтіп алатынын айтты. Бос жұмыс орындарын таныстрып, қазіргі кезде бұл облыста ең жетіспейтіні мұғалімдер мен денсаулық сақтау мамандары екендігін ескертті. Жиналыс соңында көшуге ниетті ағайындар жекелей сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті мәліметтерін алды.