Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапары барысында тұрғындармен кездесіп, шаһардың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынына тоқталды. Кездесудің негізгі өзегі тек тұрғындардың талап-тілегін тыңдаумен шектелмей, қаланың экономикалық мүмкіндігін тиімді пайдалану, жаңа өндірістер ашу, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту мәселелеріне де арналды. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыстың көлік-логистикалық артықшылығы, өнеркәсіптік әлеуеті мен ауыл шаруашылығы үшін қолайлы мүмкіндігі оның алдағы даму бағытын айқындайтын маңызды факторлардың бірі болып отыр.
Биылғы жылдың алғашқы сегіз айының қорытындысы Арыс экономикасында өсім бар екенін көрсетеді. Осы кезеңде қаланың жалпы өңірлік өнімі 52,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,3 пайызға өскен. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 9,3 млрд теңгені құрады. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция 16,1 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 5 млрд теңгені құрап, 13,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі де 23,9 млрд теңгеге жетті.
Бұл көрсеткіштердің ішінде инвестиция көлемінің орны бөлек. Өйткені жаңа капиталдың келуі өндіріс орындарын көбейтіп қана қоймай, салық базасын кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті экономиканың құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Арыс үшін бұл әсіресе маңызды. Қала бұрыннан теміржол, көлік және логистика салаларымен тығыз байланысты болса, бүгінде осы артықшылықтарды өңдеу өнеркәсібі мен агроөнеркәсіптік жобалармен ұштастыруға басымдық беріліп отыр.
Соңғы жылдары қалаға инвестиция тарту бағытында нақты жобалар қалыптасты. Мәселен, 2025 жылы Арыстың негізгі капиталына 30,8 млрд теңге инвестиция тартылған. Сол жылы қаланың жалпы өңірлік өнімі 85,1 млрд теңгені құрады. Ал 2026 жылы жалпы құны 11,4 млрд теңге болатын үш ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Солардың қатарында күнбағыс, мақта және мақсарыдан өсімдік майын өндіретін «MEGA-AGAT Агро» зауыты бар. Құны 7,2 млрд теңге болатын кәсіпорын іске қосылғаннан кейін 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Арыстағы инвестициялық жобалардың ауқымы мұнымен шектелмейді. Бұған дейін қалада 26 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып, олардың жалпы құны 29,5 млрд теңге болған. Нәтижесінде 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Ал 2024 жылы өнеркәсіп өндірісін арттыру мақсатында 15 млрд теңгеге 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 593 жұмыс орны құрылған.
Өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық берілуі Арыстың экономикалық бейінін өзгертуге мүмкіндік бермек. Бұған дейінгі инвестициялық жоспарларда өңдеу өнеркәсібі бойынша бірнеше жоба, машина жасау, көлік-логистика, туризм, агроөнеркәсіп, білім беру және балық шаруашылығы бағыттары қамтылған. Яғни қала экономикасын бір ғана саламен шектемей, бірнеше бағыт бойынша дамыту көзделіп отыр.
Бұл ретте Арыстың географиялық орналасуы инвестор үшін маңызды артықшылықтардың бірі саналады. Қала теміржол бағыттарының ірі торабында орналасқан. Сондықтан мұнда өндірілген тауарды ішкі нарыққа ғана емес, басқа өңірлерге жеткізуге, сондай-ақ транзиттік-логистикалық мүмкіндіктерді пайдалануға жағдай бар. Өнеркәсіптің дамуы көлік инфрақұрылымымен ұштасқанда ғана оның экономикалық қайтарымы жоғары болмақ.
Қалада шағын және орта бизнесті өндірістік бағытқа бұру үшін де жағдай жасалып келеді. Арыс–Отырар автожолының бойында салынып жатқан өндірістік парктің аумағы 1,44 гектарды құрайды. Мұнда термопанель, пластик есік-терезе, жиһаз, бақша өнімдерін терең өңдеу, тротуар плиталары мен бордюр өндіру бағытындағы бес жоба іске асырылмақ. Жобалардың жиынтық құны 215 млн теңге. Кәсіпорындар іске қосылғаннан кейін 30-дан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Ірі жобалардың қатарында ауыл шаруашылығына бағытталған бастамалар да бар. Арыста «Turkestan Agro.kz» ЖШС базасында 50 мың басқа арналған ірі қара мал бордақылау кешенін құру жобасы қолға алынған. Жобаның жалпы құны 16,2 млрд теңге. Кешеннің маңында 4 710 гектар алқапта жаңбырлатып суару технологиясы арқылы мал азығын өсіру көзделген. Жоба толық қуатына шыққанда 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Демек, Арыстың инвестициялық әлеуеті тек қаланың өзіндегі өнеркәсіптік өндірістермен шектелмейді. Қала аумағына жақын ауылдық елді мекендердің ауыл шаруашылығы мүмкіндігін де экономикалық айналымға қосу көзделіп отыр. Бұл өз кезегінде өңірдегі өнімді терең өңдеу, сақтау, тасымалдау және өткізу тізбегін қалыптастыруға жол ашады.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындармен кездесу барысында Арыстың осы мүмкіндіктерін тиімді пайдаланып, экономикалық өсімді одан әрі қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кездесулерде азаматтардың мәселесін тыңдап қана қоймай, олардың шешілуіне нақты мән беруді тапсырды. Сондықтан бүгінгі кездесудің негізгі мақсаты – атқарылған жұмыстарды баяндау ғана емес, тұрғындардың өздерін толғандырған мәселелерді тікелей тыңдау. Әрбір өтініш назардан тыс қалмайды. Қай мәселені қандай мерзімде және қандай жолмен шешуге болатынын нақты айқындауымыз қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Әкімнің айтуынша, экономикалық көрсеткіштердің өсуі тұрғындардың күнделікті өміріне де әсер етуі тиіс. Сондықтан инвестиция тартудың түпкі нәтижесі тек қаржы көлемімен емес, ашылған жаңа жұмыс орындарымен, өндіріс көлемінің ұлғаюымен және халық табысының артуымен бағалануы керек.
Қалада өндірістік әлеуетті күшейтумен қатар әлеуметтік инфрақұрылымды жаңарту жұмыстары да жалғасуда. «Келешек мектептері» жобасы аясында Арыста 600 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жобаның құны 4,7 млрд теңгені құрайды. Бұған дейін «Отырар» тұрғын ауданындағы 600 орындық мектеп те пайдалануға берілген болатын. Бұл нысандар қаланың өсіп келе жатқан аудандарындағы әлеуметтік инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Тұрғын үй мәселесінде де бірқатар жұмыс атқарылған. «Барыс» тұрғын ауданында 60 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы аяқталып, сатып алынған. Инфрақұрылым бағытында Жиделі, Байырқұм, Көкжиде және Аққала елді мекендері табиғи газбен қамтылды. Биыл Отырар-2 және Талдықұдық тұрғын аудандарын газдандыру бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары басталған.
Тұрғындармен кездесуде жол, ауызсу, газ, абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері де көтерілді. Бұл мәселелердің бірқатары өткен жылғы кездесулерде де айтылған. 2025 жылы тұрғындар тарапынан көтерілген 14 мәселенің 12-сі орындалып, бір мәселе жүзеге асырылу үстінде. Мәселен, Абдразақов көшесіндегі №45, 47 және 49 көпқабатты үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшаларын орнату мәселесі бойынша жұмыстар басталған. Мердігер «BEREKE SE» ЖШС нысанды қараша айында толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Кездесуде қала тазалығы мен абаттандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоғамдық орындарды күтіп ұстау, қоршаған ортаны таза сақтау және қаланы көркейту жұмыстарына тұрғындардың белсенді қатысуының маңызы айтылды.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың есебі де тыңдалды. Облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне тұрғындардың көтерген мәселелерін жан-жақты зерделеп, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуды тапсырды. Бұған қоса, бұрын берілген тапсырмалардың орындалу барысын бақылауда ұстау міндеттелді.
Кездесу соңында Нұралхан Көшеров азаматтарды жеке қабылдап, олардың тұрғын үй, жер, инфрақұрылым және әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініштерін тыңдады.
Арыс үшін алдағы кезеңдегі негізгі міндеттің бірі – қолдағы мүмкіндікті нақты экономикалық нәтижеге айналдыру. Инвестиция көлемінің өсуі өндіріс орындарының көбеюімен қатар жүруі, ал жаңа кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын қалыптастыруы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда қаланың теміржол торабы ретіндегі тарихи рөліне өңдеу өнеркәсібі, агроөнеркәсіп және логистика бағыттарының қосылуы оның экономикасын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді. Бастысы – жоспарланған жобалардың уақытында іске қосылып, инвестицияның нақты өндіріске, жаңа жұмыс орындарына және қала тұрғындарының әл-ауқатына айналуы.
