Түркістан облысында жалпы білім беретін мектептер жаңа оқу жылында қашықтан оқыту жүйесімен жұмыс істейді. Қазіргі таңда осыған байланысты тиісті жұмыстар атқарылуда. Бүгін бұл туралы облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыстағы жалпы 910 мектептің 164-і штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Оның 34-і интернеті жоқ ауылда орналасқан білім ұялары.
– Ата-аналардың өтініштерімен бастауыш сыныптарға арналған кезекші топтар құрылады. Мұндай топтар қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып сабақ өтетін болады. Атап айтқанда, мектеп кіре берісі дезинфекциялық кілемше, тепловизорлар, санитайзерлер, ылғалды, дезинфекциялық тазалауды құралдарымен қамтылады. Қазіргі таңда 365 мектепте ата-аналардың өтінішімен 2356 кезекші топ ашу жоспарлануда. Кезекші топ ұстаздарына көмекші ретінде педагогикалық жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жоғары курс студенттерін келісімдері бойынша практикаға тарту жұмыстары жүргізілуде, – деді Рақымбек Қуатбекұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Жалпы өңірде үй жағдайында интернетке қол жеткізе алмайтын оқушылар саны 132427 (26,5%) құрайды. Интернетпен қамту мәселесін шешу үшін жергілікті бюджет есебінен роутер сатып алу жоспарлануда. Ұстаздардың барлығы 100 пайыз компьютерлермен қамтылған.