Түркістан облысында 2020-2025 жылдар аралығында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 180 шақырым жаңа айналма жолдардың құрылысы жүреді. Олар – Шымкент қаласы маңындағы 48 шақырымдық Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Түркістан қаласы жанындағы 30 шақырымдық Шығыс айналма жолы, сондай-ақ, Сарыағаш қаласы тұсындағы 102 шақырымдық айналма жол. Бүгін өңірдегі жол құрылысындағы аталған жобалармен көшпелі кеңес аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев танысты.
– Оңтүстік өңіріндегі А-15 жолының бойында 700 мыңға жуық халық тұрады. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, орталық мемлекеттік атқарушы орган өкілдерін арнайы көшпелі кеңеске шақырдық. Мақсат – тұрғындарға сапалы, қауіпсіз жолды жедел уақытта жөндеп, пайдалануға беру. Жиын қорытындысы бойынша біз орталық атқарушы органдармен, «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясымен, мердігерлермен жол картасын әзірледік. Карта негізінде А-15 автожолын жөндеу жұмыстары қазан айының соңында толық аяқталады. Сондай-ақ, Сарыағаш-Келес жолын кеңейту жұмыстары алдағы жылы басталмақ. Жолдың сапалы әрі уақытылы аяқталуы облыс басшысының назарында. Сондай-ақ, А-15 автожолында ауыр жүк көліктерінің жүруін Түркістан облыстық транспорттық бақылау инспекциясына қадағалауға алу қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Иябайұлы.
Бұдан өзге, Түркістан облысындағы М-32 «Самара-Шымкент» трассасының 11 шақырымы, А-15 «Жизақ-Жетісай-Жібек жолы» трассасының 77 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары жүреді. Аталған жөндеу жұмыстарының біршамасы аяқталған.
Сонымен қатар, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимовтің айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысында 1500 шақырымнан астам жол жөнделіп жатыр. Жыл соңына дейін 1200 шақырымы пайдалануға беріледі. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстың оңтүстік аудандарындағы жол сапасы мен транзитттік потенциалды арттыруға көңіл бөлінуде. Осыған орай, Мақтаарал ауданы бойындағы автожолдың жақсы және қанағаттанарлық 90 пайызға, Жетісай ауданы бойындағы жол 95 пайызға, ал жалпы облыс бойынша 74 пайыз жол жақсы және қанағаттарлық деңгейде жететін болады.