Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғындардың бірі сағат кешкі 17:00 шамасында сауда орнында үстел үстінде тұрған «Huawei P30» маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу қолды қылғаны туралы айтып, арызданады. Сатушы ер адамнан ұрланған ұялы телефонның құны 115 000 теңгені құрайды. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТБТ-ға тіркелді.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру шараларын жүргізу кезінде бейнебақылау камераларындағы жазбаларды мұқият тексеріп, сұрастыру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде жедел уәкілдер ақпарат көздері арқылы қараусыз қалған смартфонды ұрлап, бой тасалаған жас жігітті анықтады. Содан Жетісай АПБ полицейлері күдікті ретінде аталған жергілікті тұрғынды «ізін суытпай» сол тәулікте ұстады. Полицейлер барлық мән-жайды анықтау үшін ұсталған азаматты аудандық полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай, жас жігіт қараусыз жатқан ұялы телефонды көріп, ешкім байқап тұрмағанын пайдаланып, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру ойы туындап, арам ойын іске асырған. Өзгелерге білдіртпестен телефонды ұрлап, оны басқа біреуге небары 3000 теңгеге сатып жіберген. Қазіргі таңда ұялы телефон тәркіленіп алынып, заңды иесіне қайтарылды. Бүгінде жинақталған іс-құжаттар заңды шешім қабылдау үшін сотқа жолданды. Өз кезегінде жәбірленуші полиция қызметкерлерінің жедел атқарған қызметтері үшін алғысын білдірді.
Осындай жағдайлардың алдын алу үшін Түркістан облысының полицейлері азаматтарға сақ болуға және бағалы заттарды қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Ұялы телефондар мен әмияндарды көзге көрінбейтін жерде сақтау керектігін ескертеді. Сондай-ақ сауда орындарында бейнебақылау камералары мен күзет дабылын орнатыңыздар. Егер, сіз, бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияға «102» телефоны арқылы хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі