Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері есірткімен айналысқан, сатқан және тасымалдаған құқық бұзушыларға қатысты жедел алдын алу шараларын іске асыруда. Осындай шара барысында үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген жергілікті тұрғынды ұстады.
Белгілі болғандай күдікті өзі қолдану үшін «сора» өсімдігін ауласында баптап, өсірген. Жедел құрылған полицейлер тобы күдіктінің ауласынан айғақты зат ретінде 2 түп сора өсімдігін тәркіледі.
Полиция қызметкерлері осындай шара барысында тағы бір азаматтың ауласын тінту арқылы 1 түп есірткі тектес сора өсімдігін тәркіледі. Аталған екі есірткі жайтына қатысы бар азаматтардың істеріне қатысты бүгінгі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілердің бас шарасы қолхатта.
Түркістан облысының тәртіп сақшылары тыйым салынған өсімдіктерді өсіру, заңсыз есірткі саудасымен айналысу, жалпы есірткіге қатысы бар жайттар заң алдында қатаң жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан заңсыз әрекеттерге бармаңыздар!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі