Келес ауданында қызметтік міндетін атқарып жүрген учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Бақыт Айткұлов жол бойында бос жібімен қазығын сүйретіп жүрген жылқыны көріп қалады. Қасында иесі болмағаннан кейін, небір келеңсіз жағдайлардың яғни, ұрлық-қарлық жайтының орын алуын ескерген полицей, жануарды аудандық полиция бөлімінің ауласына әкеліп, сенімді жерге байлап қояды. Жем-суын беріп, одан әрі басқа да әріптестеріне жылқысын іздеген тұрғын болса, хабар беруін жеткізеді.
Нәтижесінде келесі күні Келес АПБ-нің қызметкерлерінен жылқысы жайлы естіген тұрғын полицияға келеді. Жергілікті тұрғын Берік Атабековтың айтуынша ол, Келес ауданы Аққорған елдімекенінде орналасқан егістік алқапқа жылқысын қазық қағып, арқандап кеткен. Біршама уақыттан кейін орнын ауыстыруға келгенінде малын таппай қалады. Өздігінен бір күн бойы іздеп, соңында жылқысын полицейлерде екенін біліп, оның табылғанына қуанып алғысын білдірді. «Үлкен алғыс, әсіресе Берік полицейге! Қараусыз жүрген жылқыма немқұрайды қарамай әкеліп, оны ас-сумен қамтамасыз еткеніне. Жақсылығы Алладан қайтсын! Жылқымның ұрының қолында кетпей табылғанына өте қуаныштымын! Бұл ретте полицейлерге рақмет»-деп атап өтті жылқының иесі Б.Атабеков.
Сондықтан полицейлер облыс тұрғындарына ескертеді: қора-қопсыны мықтап қоршап, бекітіп, малды жайылымға жіберер кезде сенімді адамға немесе бақташыға тапсырыңыз! Ұрының сіздің салғырттығыңызды пайдаланып, малыңызды иемденіп кетуіне мүмкіндік бермеңіз!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі