Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғын келіп арызданған. Оның айтуынша көше бойында тұрған өзіне тиесілі автокөліктің ішінен белгісіз біреулер құны 60 000 теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткен. Аталған жайтты сарыағаштық полицейлер ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, іздестіру жұмыстарын бастап кетті. Оқиғаның мәнжайын анықтау үшін жедел уәкілдер тобы көрген білген куәгерлерден жауап алды.
Сондай-ақ полицейлер жақын маңдағы бейнекамераларды тексеріп, қажетті деген іс-шаралардың барлығын атқарды. Нәтижесінде 10 тәулік ішінде күдікті ретінде жергілікті тұрғын анықталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай орта жастағы күдікті қылмысты жасырын түрде іске асырған. Ол көше бойында тұрған автокөліктің сол жақ бетіндегі терезесінің ашық тұрғанын көріп, өз арам ойын жүзеге асыруға ұмтылған. Полиция қызметкерлері күдіктінің телефонды базарлардың біріне 25 мың теңгеге сатып жібергенін растады. Бүгінде ұрланған ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды. Күдікті азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.
Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көлікте қалдыруға болмайтынын ескертеді. Қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпаңыз. Көлікті жақсы жарықтандырылған жерге немесе күзетілетін тұраққа қою қажет. Егер, Сіз, автокөлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада 102 телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі