Арыс ауданының полицейлері әкімдік тарапынан құрылған арнайы мобильдік топтармен бірлесіп, аудан аумағында карантин талабының сақталуы бойынша күні-түні қарқынды қызмет атқаруда. Ел арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ рейдтік-профилактикалық шараларды іске асыруда. Осындай кезекті тексеріс кезінде полицейлер, Арыс қаласында орналасқан мейрамханалардың бірінде болып жатқан «Қыз ұзату тойының» үстінен түсті. Тойға 100-ге жуық қонақ жиналған.
Осыған орай мобильдік топ келген қонақтарға адамдар көп жиналатын орындарға бармауын, той-жиындарға қатыспауын ескертіп, тойды тоқтатты. Той иесі мен мейрамхана егесіне қатысты іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін СЭББ-ға жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері коронавирус індетінің қайта өршуіне байланысты карантин талабын қатаң сақтап, той-жиындарды мүлдем жасамауға кеңес береді. Егер мұндай жайттар анықталса тиісті жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.
Сондықтан облыс тұрғындары барынша арақашықтықты сақтап, бетперде тағып, адамдар көп болатын жерлерге бармаңыздар. Деніңіздің сау болуы – өз қолыңызда.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі