Ордабасы АПБ-ға шымкенттік тұрғын хабарласып, өзінің ұрлықтың құрбаны болғандығы жөнінде арыз түсірген. Жәбірленуші азаматтың айтуынша Ордабасы ауданындағы жер телімінде тұрған 1 тонналық су жинауға арналған бөшкесін белгісіз азамат жасырын түрде ұрлап кеткен. Келтірілген жалпы шығын көлемі 50 000 теңгеге жуық. Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Хабар түсісімен аудандық полицейлерден арнайы топ құрылып, оқиға орнына шықты. Айналаны мұқият тексеріп, куәгерлерден жауап алды. Тәртіп сақшыларының жан-жақты жүргізген жұмыстарының нәтижесінде ұрлық жасаған күдікті небары 1 сағат ішінде өзінің тұрғылықты үйінен ұсталды. Күдіктінің үйінен қолды болған зат табылып, айғақты зат ретінде тәркіленіп алынды. Полиция қызметкерлері күдікті азаматты бірден ПБ-ға жеткізіп, тергеу амалдарына кірісті. Қазіргі таңда ұрлық жасаған азаматқа қатысты «келу туралы міндеттемеде».
Белгілі болғандай ұрлық жайты орын алған жер теліміне қарама-қарсы орналасқан жер иесі жәбірленушіге хабарласып, белгісіз азаматтың су жинауға арналған бөшкесін алып кетіп бара жатқанын айтқан. Содан соң бірден полицейлерге хабар беріп, көмек сұраған. Ал тәртіп сақшылары жоғалған затты көп ұзамай тауып берген.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қырағы болып, өздерінің бағалы мүліктерін сақтау үшін қауіпсіздік шараларын қабылдау қажеттілігін ескертеді. Егер сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі