Сарыағаш аудандық полиция бөліміне Сарыағаш АПБ ЖПҚ УПИ полиция майоры Айдар Рысқұловтың хабары келіп түседі. Оның хабарламасында өзіне бекітілген аумақта профилактикалық жұмыстар жүргізу кезінде белгісіз тұлғаның қоғамдық орында ішімдік ішіп, елдің мазасын алып отырғаны анықталып көрсетілген. Содан учаскелік полицей құқық бұзушы азаматты сабырға шақырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Сондай-ақ, оған ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабы « Алкогольдік ішімдіктерді iшу немесе қоғамдық орындарға масаң күйде келу» бойынша хаттама толтырды. Сонымен қатар полицейлер құқық бұзушының жеке басын тексеру кезінде күдіктінің шалбарының оң жақ қалтасынан есірткі затына ұқсас зат барын тапты.
Сарыағаштық тәртіп сақшылар күдіктіден алынған затты сараптамаға жолдады, нәтижесі бойынша тәркіленіп алынған зат 3 грамм «марихуана» болып шықты. Бұл деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК-нің 296-бабы "Есірткі, психотроптық заттармен, олардың аналогтарымен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" бойынша тіркеді. Орта жастағы күдікті азаматтың Келес ауданының тұрғыны екені расталды.
Қазіргі уақытта есірткі құралдарының заңсыз айналымы дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті азаматтың бас шарасы қолхатта.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға есірткіні заңсыз сақтау және таратумен байланысты қылмыстарды жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертеді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі