Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын «Урал» маркалы велосипедінің ұрланғаны жөнінде арызданды. Жәбірленуші тұрғынның айтуынша, оның күнделікті дүкендегі жұмысына барарда мінетін осы екі дөңгелекті көлігі дүкен жанынан ұрланған. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 30 000 теңгені құрады. Оқиға орнына бірден учаскелік инспекторлар келіп, велосипед ұрлаған ұрыны іздеуге кірісті.
Учаскелік инспекторлар аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алды. Дүкен мен көшеде орнатылған бейнебақылау камераларын мұқият тексерді. Осылайша тиянақты жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде күдікті небары 3 сағатта анықталып, ұсталды. Ұсталған ер азамат облыс орталығы Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Орта жастағы ер азаматтың тұрғылықты мекенжайынан ұрланған велосипед тәркіленіп, алынды. Сонымен қатар қаз-қалпында жәбірленушіге қайтарылып берілді.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қолхатта.
Өз кезегінде күнделікті дүкендегі жұмысына сол велосипед арқылы барып жүрген жәбірленуші қылмысты тез арада ашуда кәсібилік көрсеткен сақшыларға шынайы алғысын жеткізді.
Түркістандық полицейлер ескертеді, жаз мезгілінде екі аяқты дөңгелекті ұрлау жайттары көбейеді, сондықтан мүліктің иесі ретінде сақтық шараларын міндетті түрде қарастырған жөн. Велосипедті кез келген жерге қалдырмай, міндетті түрде бейнекамерасы бар орынға қою қажет. Не болмаса арнайы темір шынжырмен құлып салу арқылы бекітіп қойған дұрыс.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі