Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын келіп арызданады. Ол арызында белгісіз біреулердің түнгі уақытта тұрғын үйіне кіріп, жатын бөлмеде тұрған ірі көлемдегі ақшасы мен алтын бұйымдарын жымқырып кеткенін көрсеткен. Жалпы жәбірленушіге келтірілген шығынның көлемі 7 миллион теңгеге жуық.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша СДТТБТ-ға тіркеді.
Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында аудандық полицейлер іздестіру жұмыстарын жүргізді. Тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, қажетті шаралардың барлығын іске асырды. Жан-жақты тексеру жұмыстарының арқасында, күдікті азамат ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Белгілі болғандай ұсталған күдікті азамат бұл қылмысты жоспарлы түрде жасағанын мойындады. Сондай- ақ полиция қызметкерлері бұл ұрлық қылмысына ұсталған азаматтан бөлек тағы 2 жергілікті тұрғынның қатысы барын анықтады. Бүгінде ұсталған күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде, ал 2 жергілікті тұрғынға қатысты іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді, барлық құнды заттарыңызға барынша сақ болыңыздар . Үйлеріңізге, аулада орналасқан қандай да бір қоймаларыңыздың есігіне мықты құлыптар салып, бекітіп жүріңіздер. Егер, сіз ұрлық қылмысының құрбаны не куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі