Бәйдібек АПБ-ның кезекші бөліміне кешкі уақытта жергілікті тұрғындардың бірі хабарласып, күнкөріс ретінде бағып, өсіріп отырған сауынды сиырының өрістен қайтып келмегенін, ұры-қарының қолына түсуі мүмкін екендігін айтып арызданады. Арызданушыға келтірілген шығын көлемі 200 000 теңге.
Аталған жайт бойынша бірінші кезекте тұрғынның тұратын аумағына тікелей бекітілген учаскелік полицейлер полиция лейтенанттары Ержігіт Оспанов пен Оралбай Қанадиловтар жетеді. Олар тиісті жұмыстарды атқарып, сиырды іздеуге кіріседі. Осылайша қос полицей Бәйдібек ауданындағы маңызды көшелерден өтетін, мал тасымалдайтын автокөліктерді тексеріп, жайылымдық жерлерді тінти бастайды.
Бір күн жүргізілген іздестіру жұмыстары көп ұзамай өз нәтижесін берді. Сиыр бөтеннің қолына түспеген, жайылып жүріп бір ауылдан екінші ауылға қарай өтіп, шамамен 15 шақырым жердегі жайылымдық жерге жеткен. Осылайша ауылға бекітілген қос учаскелік полицейдің іздестіру жұмыстарын дұрыс бағытта жүргізуінің арқасында табылған ірі қара иесіне аман есен жеткізілді.
Осыдан кейін ауыл тұрғыны, яғни малдың иесі учаскелік полиция инспекторларының нәтижелі жұмысына шынайы ризашылығын жеткізді.
«Мен Шаян ауылының тұрғынымын, азанда кеткен сиырым кешке қарай үйге келмеді. Сосын полиция бөліміне хабарластым. Оралбай Қанадилов пен Ержігіт Оспанов деген полицейлеріміз келіп, іздеу жұмыстарын жүргізіп, сиырымды тауып берді. Бүгінде сиыр қолымда», - деді жергілікті тұрғын.
Түркістан облысының полицейлері ескертеді, егерде сіздің малыңыз жоғалса не болмаса ұрланса бірден өзіңізге жақын аумақтағы полиция бөліміне хабарласыңыз. Егерде уақыт өткізбестен оқиға орын алған сәтте бірден полицияға хабар берсеңіз, қылмыстың дер кезінде ашылуына көмегіңізді тигізесіз!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі