Жетісай аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері күнделікті карантин режимінің сақталуын, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында рейдтік-профилактикалық іс-шараларды ұйымдастыруда. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде қаншама құқық бұзушылықтың жолы кесіліп, теріс әрекет жасағандар ұсталды. Сонымен қатар қызмет барысында тұрғындарға көмек беріп, алғыс арқалаған полицейлер қатары да көп.
Нақтырақ айтсақ, Жетісай АПБ ЖПҚ Ювеналды полиция тобының инспекторы полиция капитаны Бауыржан Абдуллаев, түнгі сағат 03:30 шамасында Жетісай қаласындағы көшелердің бірінде жылап жүрген кішкентай баланы байқап, жанына тездетіп барады. Полицей, жеткіншектен аты-жөнін, ата-анасының қайда екенін сұрағанымен ол мардымды жауап бере алмайды. Содан полицей кезекші бөлімге қандай да тұрғын баласын жоғалтқаны туралы арызданса, хабарласуын сұрайды. Өзі де қарап тұрмай, жақын көшелерді аралап, баланың ата-анасын іздей бастайды. Қарны ашып, су сұраған балаға ас-суын әперіп, барынша жағдайын жасайды. Келесі күні түскі уақытқа таяғанда ғана полицияға жергілікті тұрғын баласын таппай жатқаны бойынша шағымданады.
Осылайша полиция капитаны Бауыржан, баланы ата-анасына аман-есен табыстайды. Белгілі болғандай, отбасы түгел даладағы тапшанға ұйқыға жатқанда, 4 жасар бала ұйқысынан оянып, ауласынан шығып кеткен. Үйінен біршама алыстап, адасып қалған. Ал ата-анасы өздіктерінен іздеп, нәтиже шықпаған соң барып, полицияға хабарлаған. Осы жайтқа байланысты баланың ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы «Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Полицей Бауыржан қызмет атқару кезінде тағы бір баланы тауып, алғыс алған. Яғни тәртіп сақшысы кешкі сағат 17:00 шамасында жол жиегінде ұйықтап жатқан жасөспірім баланы көріп, оны оятып, жағдайын сұрайды. Ол өзінің анасымен базарға келгенін, сол кезде анасынан көз жазып, адасып қалғанын жеткізген. Осы ақпарат бойынша полицейлер шұғыл жұмыс жасап, баланың анасын табуға барын салады. 5 сағат өткеннен кейін ғана баланың ата-анасы анықталады. Баласымен қайта қауышқан анасы, полицейлерге шынайы алғысын білдірді. Бұл жағдайда да баланың ата-анасына ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабымен әкімшілік хаттама толтырылды. Екі жағдайда да балалардың ата-анасына бала жауапкершілігі мен қараусыз қалдырмау керектігі жайында түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ескерту жасалынды.
ТО ПД-ның баспасөз қызметі