Сарыағаш АПБ-ға жергілікті тұрғыннан арыз келіп түседі. Оның айтуынша түнгі уақытта белгісіз біреулер жайылымда жүрген 3 бас жылқысын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 1200 000 теңге.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-1-бабы «Мал ұрлығы» бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті. Сарыағаштық полицейлерден жедел уәкілдер тобы құрылды.
Осы ұрлық қылмысын ашып, күдіктілерді ұстау мақсатында Сарыағаш аудандық полиция қызметкерлері ауқымды және тыңғылықты жұмыстарды атқарды, соның нәтижесінде мал ұрыларының ізіне түсті. Яғни, жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер Сарыағаш қаласынан орта жастағы күдікті азаматты ұстап, полиция бөліміне жеткізді.
Анықталғандай, күдікті азамат 3 бас жылқыны мал базарлардың біріне акеліп 550 000 теңгеге сатып жіберген. Оңай жолмен өз арам ойын жүзеге асырған күдікті жылқыларды сатып жіберген соң ізін суытқан. Алайда сарыағаштық полицейлер тәулік ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Бүгінде күдікті өз қылмысын толықтай мойындады.
Сондай-ақ тәртіп сақшылары қолды болған жылқыларды заңды иесіне қайтарды. Ұсталған күдікті азамат қолхатта. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға үй малын сақтау бойынша шаралар қабылдау қажеттігін ескертеді. Өздерінің қора-жайларын нығайтуға, малдарын сырғалауға, сондай-ақ жайылымға мал жаю үшін бақташылар жалдауға кеңес береді.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі