2021 жылы 09-10 тамыз күндері Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында тәртіп сақшыларының қатысуымен дәстүрлі облыстық «Парасатты полицей» байқауы өтті. Оған ТО ПД-нің бастығы, комиссияның басты мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков қатысып, жүлделерді сақшыларға табыстады.
Өңірде карантин режимі енгізілгендіктен, Түркістан облысы Полиция департаментінің ұйымдастыруымен өткен байқауға облысқа қарасты барлығы 16 қала, ауданнан командалар қатысып, онлайн арқылы өздерінің өнерлерін бейнежазбаға түсіріп, жолдады.
Дәстүрлі түрде жыл сайын өтетін байқаудың басты ұйымдастырушысы Түркістан облысы Полиция департаментінің ресми өкілі, полиция полковнигі Салтанат Қаракөзова: «Бұл байқаудың негізгі мақсаты жас және талантты полицейлерді таныту, полицияның оң имиджін қалыптастыру, сонымен қатар, ең маңыздысы мемлекеттік тіліміз «қазақ тілінің» мәртебесін нығайту болып табылады» - деп атап өтті.
Онлайн режимде өткізілсе де байқауға қатысушылардың жан-жақты дайындығы байқалды. Олар өздерінің әрбір қойылымында сегіз қырлы бір сырлы екендіктерін, отансүйгіш пен тілді құрметтейтіндігін көрсете алды. Мәселен ұлты басқа болса да, қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, өз өнерлерін көрсеткен полиция лейтенанты Михайл Крокус пен полиция майоры Видади Наурызовтарды ерекше атап өтуге болады.
Тәртіп сақшыларының онлайн сахналаған қойылымдарын әділ-қазылар мұқият қарап, саралап, лайықтыларына жоғары орындарды, ал одан кейінгі көзге түскен командаларға да алғыс хаттарды табыстап, ешбірін жүлдесіз қалдырмады. Әрбір тәртіп сақшысының байқауға белсене қатысқан еңбегі еленіп, байқаудың екінші күні, яғни марапаттау рәсімінде барша қала, аудандардан келген командалардың өкілдерін ТО ПД-нің бастығы, комиссия мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков тікелей сыйлақтарын беріп, құттықтады.
Осылайша «Парасатты полицей» байқауының қорытындысында, жүлделі болған командалар ТО ПД-нің бастығы, комиссия мүшесі, полиция генерал-майоры Қайрат Дәлбеков пен әділ-қазылар алқасының шешімімен бас жүлде алған – Арыс ауданынан келген «Арыс барыстары» командасы үздік деп танылды. Бірінші орынды – Түркістан қалалық басқармасынан қатысқан «Тәртіп» командасы қанжығасына байласа, екінші орынды – Жетісай АПБ-нің «Жетісай қырандары» мен Мақтаарал АПБ-ның «Мақтаарал жалыны» алды. Ал үшінші орын Шардара АПБ-ның «Өнерлі полицейлер» және Сарыағаш АПБ-дан «Сарыағаш сақшылары», Төлеби АПБ-дан «Төлеби қырандары» командалары иеленді.
Сондай-ақ «Көркемсөз шебері» номинациясы-Созақ АПБ-дан «Айбын», «Көрермен көзайымы» номинациясы- Бәйдібек АПБ-дан «Бәйдібек жұлдыздары», «Өнерлі команда» номинациясы-Түлкібас АПБ-дан «Алау» тобы, «Тілі басқа, тілегі бір» номинациясы бойынша Сарыағаш АПБ-дан полицей Видади Наурызов, «Ұйымшыл команда» номинациясы-Келес АПБ-дан «Келес қорғандары», «Үздік сахналық көрініс» номинациясы-Сайрам АПБ-дан «Сайрам сақшылары» марапатталды. Оған қоса 3 команда, яғни Кентау ҚПБ-дан «Ынтымақ», Ордабасы АПБ-дан «Ордабасы оттары» және Қазығұрт АПБ-дан «Қазығұрт таланттары» - байқауға қатысқаны үшін ынталандыру сыйлықтарымен және алғыс хатпен мадақталды.
Айта кету керек байқауда жеңген полицейлердің мән-мағыналы қойылымдары жазылған бейнежазба алдағы уақытта республикалық көлемде өтетін «Парасатты полицей-2021» байқауына жолданып, сынға түсетін болады. Сондықтан республикалық байқауда бақ сынасатын киелі мекеннің тәртіп сақшыларының құрама командасына сәттілік тілейміз!
ТО ПД-нің баспасөз қызметі