Түркістан облысында карантин талаптарын сақтамастан той-жиын өткізу тоқтамай тұр. Осыған байланысты Созақ АПБ-ның қызметкерлерінен карантин режимін және шектеу шараларын сақтау мақсатында мобильді топ құрылды. Тәртіп сақшыларының күнделікті жүргізіп жатқан жұмыстарының барысында 3 жанұялық іс-шара анықталды. Олардың бірі күндізгі сағат 15:00 шамасында 50-ге тарта туыстарын жинап, «Тұсау кесер» тойын өткізген. Қалған екі тұрғын 60-тан астам адамды жинап, «Беташар» тойын ұйымдастырып, жасаған. Тәртіп сақшылары аталған жайттарды ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша іс-құжаттарды жинақтап, заңды шешім қабылдау мақсатында Созақ аудандық СЭББ-ге жолдады.
Айта кететін жайт Созақ ауданы көлемінде жыл басынан бері карантин режимін бұзып, түрлі той-жиын жасаған 130 жайт анықталған.
Түркістан облысы Полиция департаменті карантин режимі кезінде бекітілген талаптарды орындамай, тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіретін азаматтар тиісті жазаға тартылатынын ескертеді. Сондықтан Бас санитарлық дәрігердің қаулысының талаптарын қатаң сақтау, бетперде кию және арақашықтықты сақтауды естен шығармаңыз.
ТО ПД-нің баспасөз қызметі