Түркістан облысында мал ұрлығының алдын алу, болдырмау мақсатында тәртіп сақшылары тұрақты түрде рейдтік-профилактикалық іс-шараларды жүргізіп, тексерулерді ұйымдастырып келеді. Десек те тұрғындардың төрт-түлігін жайылымға бос жібере салуы, қора-жайларын мықтап бекітіп, қоршамауы салдарынан бұл ұрлық қылмысы тыйылмай тұр. Кей кездері көпшілігінің малдары қорадан шығып кетіп жоғалып, біршама уақыттан кейін табылып жатса, көпшілігінің жоғалған малдары қолды болып, сол күйі із-түссіз кетеді.
Мәселен, Бәйдібек АПБ-нің учаскелік полиция инспекторы полиция лейтенанты Нұрдәулет Нұрманұлы Ерсін өзіне қарасты аумақтың жергілікті тұрғыны хабарласып, 17 бірдей жылқысының жоғалып кеткенін, ұры-қарының қолына түсуі мүмкін екендігін айтып, тауып беруін сұрайды.
Бәйдібек АПБ-нің полиция лейтенанты Ерсін Нұрдәулет бірден іске кірісіп, оқиға орнына шығады. Анықталғандай жылқылар жайылымнан жоғалған болып шықты.
Көлігіне мінген полицей жақын маңдағы ауылдар мен жайылымдық жерлерді аралап, қора-қопсыларды тексеріп шығады. Қосымша тағы да басқа әріптестерін көмекке шақырып, жан-жаққа бөліну арқылы іздестіру жұмыстарын жүргізеді. Осылайша кеңейтілген іздестірудің арқасында келесі бір ауылдың маңындағы 15 шақырым жердегі жайылымнан 17-бас жылқы дін аман табылады.
Тұрғынның малын небары 1 тәулік ішінде тапқанына қуанған тәртіп сақшысы, арнайы жүк көлігіне тұрғынның барлық жылқыларын артып, иесінің үйіне жеткізіп береді.
Ал учаскелік полицейдің бұл іс-әрекетіне ризашылығын білдірген жылқылардың иесі, Қарлығаш Кенжеева: Жайылымда 17 бас жылқым жоғалып, бір күн іздедім. Таппаған соң Бәйдібек аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне жүгіндім. Бүгін Бәйдібек ауданының полицейлері жылқымды тауып, есігімнің алдына әкеліп берді. Көп рақмет. Еңбектері жана берсін. Алғысым шексіз!» - деді.
Түркістан облысының полицейлері үйлерінде үй жануарларын ұстайтын, мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға қора-жайларын бекітіп, жайылымға шығарарда бақташы жалдауға және болмаса қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Малыңыз жоғалмасын!
ТО ПД-ның баспасөз қызметі