Мақтаарал ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғындардың бірінен хабар түскен. Жәбірленуші әйелдің айтуынша өзінің құрбысы жаңадан бой көтеріп жатқан көп қабатты үйден пәтер алып беремін деп алдаған. Осылайша 3 000 000 теңгесін алаяқтық жолмен алып алған. Аталған дерек ҚК 190-бабы, яғни «Алаяқтық» қылмыстық құқық бұзушылық бойынша тіркелді.
Орын алған алаяқтық қылмысын тез арада ашып, күдіктіні құрықтау мақсатында ауданның қырағы полицейлерінен арнайы топ құрылып, жұмыс жасалды. Нәтижесінде полицейлер, күдікті әйел адамды ұстап, бөлімшеге жеткізді. Ол Жетісай ауданының тұрғыны болып шықты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай, күдікті әйел құрбысына үй алып беретінін айтып, 3 000 000 теңгесін алған. Содан соң арада біршама уақыт өткен соң құрбысына бөтен үйдің кілтін табыстап, өзінің үйі екенін айтып, сендірген. Жәбірленуші әйел өз үйім деп бірнеше айдан бері тұрып келе жатқан пәтеріне үйдің қожайыны келіп, пәтер ақысын сұраған. Яғни жәбірленушінің тұрып жатқан үйі өз үйі емес, жалдамалы пәтер болып шыққан.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жақын таныс емес адамдарға сенбеу керектігін ескертеді. Егер, сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі