Түркістан қалалық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Әйелдің айтуынша, оны сырттай танысы "мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмекті алып беремін" деп алдап, әбден сендірген. Осы қызметі үшін алаяқ тұрғынның 1,5 миллионға жуық ақшасын алған. Алайда жәбірленуші арадан біршама уақыт өткесін, алданғанын біліп, полицейлерден жәрдем беруін сұрайды. Аталған жайт ҚК 190-бабы "Алаяқтық" қылмыстық құқық бұзушылығы ретінде тіркеуге алынды.
Түркістандық тәртіп сақшылары күдіктіні анықтау мақсатында, жедел-іздестіру шараларын іске асырды. Куәлардан жауап алды. Келіп түскен ақпарат көздері нәтижесінде, күдікті ретінде бұрын алаяқтық жасап, бүгінде бас бостандығынан шектеу жазасын өтеп жүрген әйел ұсталды.
Белгілі болғандай күдікті әйел өзінің соттылығына қарамастан, қайта қылмыс жасаған. Яғни бұл жолы оның алаяқтықтың 10 жайтына қатысы бары белгілі болды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 3 000 000 теңгеден асты. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері, мемлекеттік жеңілдетілген жәрдемақыларды алып беремін деп алаяқтық жолмен азаматтарды алдап, сенімге кіріп, соңында бармағын тістеп қалатындар көбейгенін жеткізеді. Сондықтан облыс тұрғындары мүмкіндігінше сақ болып, кез-келген адамға артық сенім білдірмеу керек. Егерде сіз осындай қылмыстардың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, онда міндетті түрде полицияның жедел желісі «102» нөміріне хабарласыңыз.
ТО ПД баспасөз қызметі