Түркістан облысының полицейлері 8 ай бұрын ұрланған ұялы телефонды тауып, иесіне қайтарды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай аудандық ПБ-ға ағымдағы жылдың ақпан айында жергілікті тұрғын арызданып келген. Әйелдің айтуынша, оның базарда орналасқан дүкенінің ішінен құны 120 мың теңге тұратын "Самсунг Галакси А31" маркалы ұялы телефонын белгісіз біреу қолды қылған. Аталған жайт ҚК 188-бабы "Ұрлық" бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған ұрлық қылмысын ашу мақсатында полицейлер жедел іздестіру іс-шараларына кірісті. Көруі, білуі мүмкін куәлардан жауап алынды. Полицейлер жан-жақты, арнайы іздестіру шараларын жүргізіп, нәтижесінде арадан 8 ай өткенде ұрланған телефонды Шымкент қаласынан тапты. Телефонды ұстап жүрген тұрғыннан жауап алу барысында, оған танысы 35 мың теңгеге сатқаны белгілі болды. Осылайша күдікті ретінде Шымкент қаласының тұрғыны, жас жігіт ұсталды.
Анықталғандай, күдікті Жетісайға тойға келіп, базарға кірген. Содан дүкендердің бірінде қараусыз тұрған ұялы телефонды жасырын алып кетіп, арадан біршама уақыт өткенде төмен бағаға сатып жіберген. Іс бойынша "Самсунг Галакси А31" маркалы ұялы телефон заңды иесіне қайтарылды.
Тізбектей беретін болсақ, ұялы телефон ұрлығы жайлы деректер өте көп. Мұндай ұялы телефон ұрлығы көбіне қоғамдық жерлерде: қоғамдық көлікте, асханада, базарларда, адам көп шоғырланатын орындарда тіркеледі. Сондықтан қалта ұрыларына телефоныңызды ұрлатып алсаңыз, бұл жағдайда не істеу керектігі жөнінде бірер кеңес бере өтсек:
1) Полицияның көмегіне жүгініңіз. Телефонға қатысты барлық құжаттарыңызды алып, тез арада бөлімшеге барыңыз!
2) Абоненттік құрылғыңызды бұғаттайтын ІМЕІ кодыңызды біліңіз!
3) Нөміріңізді өшірту үшін, ұялы байланыс операторларына хабар беріңіз!
4) Сақтықта қорлық жоқ, банктік картаңыз бен әлеуметтік желідегі парақшаларыңызды құлыптаңыз!
5) Қолданған ұялы телефондарды сату бойынша жақын арадағы нүктелерді көріп шығыңыз!
Бұл – сізге керек болады-ау деген жаднамалар. Дегенмен, мүмкін болса, өз мүлкіңізді, әмияныңызды мұқият, ұқыпты ұстаңыз. Көпшілік орында, немқұрайлылық танытып артқы қалтаға, аузы ашық сөмкеге сала салмаңыз.