Түркістан облысының полицейлері қонақүйде қолсөмке ұрлаған әйелді анықтады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан қаласы ПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келген. Оның айтуынша демалып жатқан қонақүйдің бөлмесінен белгісіз азамат қолсөмкесін ұрлап кеткенін көрсеткен. Осылайша жәбірленуші азаматшаға 120 мың теңге шығын келтірген.
Аталған дерек ҚР 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді. Орын алған жайтқа байланысты тәртіп сақшылары көрген-білгендерден жауап алып, күдіктіні ұстауға бағытталған барлық шараларды жүргізді. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде күдікті әйелді қала аумағындағы базарлардың бірінен тапты. Қазіргі таңда аталған жайтқа байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.
Белгілі болғандай күдікті азаматша жәбірленушінің жуынып жатқанын пайдаланып, бөлмесіне жасырын кірген. Содан соң оңай жолмен ақша табуды көздеп, жатын бөлмедегі қол сөмкесін жымқырып кеткен. Сөмке ішіндегі ақшаны алып, бірден базарға барып өзіне керек-жарақтарын сатып алған. Ал сөмкені дәретханалардың біріне тастап кеткен.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері құнды заттарыңызға сақ болып, бөтеннің көзі түспейтін жерде сақтауға кеңес береді. Осындай жайттың құрбаны немесе куәсі болсаңыз бірден «102» нөміріне хабарласыңыз.