Түркістан облысының полицейлері азық-түлік себетін таратып, қайырымдылық жасауда. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қашанда көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге келгенде белсенділік танытып жүрген Түркістан облысының полицейлері тағы да 1 отбасына көмек көрсетіп, алғысқа бөленді. Бұл жолы Шардара аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері Шардара ауданы Жаушықұм ауылындағы жағдайы төмен отбасыға қажетті азық-түлік себетін табыстап, қайырымдылық жасады. Полицейлер аз қамтылған отбасы мен көпбалалы ананың үйіне арнайы барып, қуантып қайтты.
Өз кезегінде тәртіп сақшылары тарапынан қамқорлықты сезінген отбасы мүшелері аудан сақшыларына ізгі амалдары үшін алғыстарын жеткізіп, қызметтеріне табыстар тіледі.
– Осындай қиын сәтте бізге демеу болып, қамқорлық танытқан полицейлерге алғыс айтамыз. Отбасылары аман болсын. Абырой-даңқтары арта берсін, – деді көпбалалы ана.
«Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндетіміз болса да, жұртшылыққа жанашыр болуды да естен шығармаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады»-дейді шардаралық полицейлер.