Түркістан облысында жыл соңына дейін 1000 полиция қызметкерінің біліктілігін арттыру жоспарланып отыр. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында полиция қызметінің сервистік модельге көшуі турасында айтылып, арнайы тапсырмалар берілді. Осы бағытта ішкі істер органдарымен ауқымды істер атқарылуда. Басты мақсат – қолжетімді, ашық, жұртқа жақын полиция құру, оған қоса сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру.
Түркістан облысында да Полиция департаменті қызметкерлерімен бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Мәселен, халыққа қолайлы 102 мобильді қосымшасы, "SOS" батырмасы қолданысқа енді. Сондай-ақ полицейлердің біліктілігін арттыру да назардан тыс қалмады.
Атап айтсақ, Түркістан қаласында Халықаралық туризм және меймандостық университеті жаңадан бой көтеріп, туристік орталыққа қажетті мамандар даярлауда. Соның ішінде полиция қызметкерлері де осы білім ордасында біліктіліктерін арттыруда. Атап айтсақ, бұл университетте жыл басынан бері 492 полиция қызметкері білім алған. Олар ағылшын, түрік тілдерін тереңдете оқып, алыс-жақын шетелдерден келген азаматтарға қамқоршы, қала тарихын жетік білетін білікті маман екенін көрсетуде. Одан бөлек жыл соңына дейін Түркістан облысы Полиция департаментіне бағынысты учаскелік полиция инспекторлары, патрульдік полиция және ювеналды полиция құрылымдарынан 1000 қызметкердің біліктілігін жоғарылату жоспарланып отыр.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінде құзіреттілік орталығының басшысы Майра Ағаділова өз сөзінде: «Мұнда аудан, қалалық полиция бөлім, басқармаларынан келген қызметкерлер, 3 күн бойы шет тілдерін тілдерін тереңдете оқып білім алады. Одан бөлек келген туристермен қалай байланысу орнту керектігін үйренеді. Түркістан қаласының тарихын жатқа біледі. Содан соң осы алған білімдерін сынақ тапсыру арқылы дәлелдейді. Курс соңында полицейлерге арнайы сертификаттар табысталады»-деп тап өтті.
Шынында, тәртіп сақшылары киелі шаһарда шетел азаматтарының қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз етіп, оларды толғандырған кез келген сұрақ бойынша ақыл-кеңес береді. Келеңсіз жағдайлар орын алса көмек көрсетеді. Осы жылы Түркістан қаласына шамамен 600 мыңнан астам туристер келген. Облысымызға келген әр шетел азаматтарына сапалы көмек көрсетуде полиция қызметкерлерінің алған білімдері өзіндік пайдасын тигізуде. Сондай-ақ қазіргі таңда түркістандық туристік полиция қызметкерлері өздерінің кәсіби және қызметтік шеберліктерін арттыруды үнемі қолдап, үйренуден жалықпайды.