Түркістан полицейлері жер телімін алып беремін деп 1 млн теңгені қалтасына басқан ер азаматты ұстады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Төлеби АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленушінің айтуынша, 2020 жылдың қыркүйек айында танысы «жер алып, заңдастырып беремін» деп әбден сендіріп, алаяқтық жолмен 1 млн теңгесін алған. Алайда арадан 1 жылдан астам уақыт өтсе де не жерін, не ақшасын ала алмаған. Аталған жайтты полицейлер ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Аудандық тәжірибелі полицейлерден құрылған жедел-тергеу тобы тұрғынды арбауына түсірген алаяқты ұстауға қажетті шараларды жасады. Куәлардан жауап алу барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы күдіктінің жеке басы анықталып, аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Ұсталған ер адамның жергілікті тұрғын екені белгілі болды. Яғни, күдікті алаяқтық жолмен алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратып жіберген. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға алаяқтардан барынша сақ болуды ескертеді. Кез келген ұсынысты толық тексеріп алыңыз. Кезексіз, уақытынан бұрын мәселемді шешемін деп ақша беріп, алаяққа алданып қалмаңыз.