Түркістан облысында мектепке мұғалім, ауруханаға тазалықшы етіп жұмысқа кіргіземін деген алаяқтар ұсталды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сайрам аудандық Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, алаяққа алданғанын жеткізді. Ер адамның айтуынша, оның мемлекеттік мекемелердің бірінде жұмыс істейтін танысы "Ұлыңды мектепке мұғалім ретінде жұмысқа кіргізіп беремін" деп уәде беріп, ақысына 1 млн 100 мың теңге алған. Арада 1 жылға жуық уақыт өткенмен жәбірленушінің ұлы жұмысқа орналаспайды, не берген ақшасын ала алмайды. Осылайша алаяққа алданғанын түсінген тұрғын полицейлерден көмек сұрайды. Аталған жайт ҚК 190-бабы "Алаяқтық" бойынша тіркеуге алынды.
Шұғыл-іздестіру іс-шараларын жүргізген сайрамдық қырағы тәртіп сақшылары осы жайтқа қатысы бар күдіктіні тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Бүгінде өз кінәсін мойындаған жас жігітке қатысты тергеу амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Осыған ұқсас алаяқтық қылмысы бойынша полицияға тағы бір тұрғын шағым түсіреді. Әйелдің айтуынша, оның Шымкент қаласындағы ауруханалардың бірінде тазалықшы болып жұмыс жасайтын танысы осы ауруханаға "тазалықшы" болып жұмысқа тұруына көмектесетінін айтқан. Ол үшін жәбірленушіден 300 мың теңге алған. Содан кейін ешқандай жұмысқа кіргізбеген, ақшасын қайтармаған, әрнәрсені сылтауратып алдап жүрген. Бұл жайт бірден ҚР ҚК-нің 190-бабымен тіркеуге алынды.
Ақпарат алысымен Сайрам АПБ-ның тәжірибелі полицейлері алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстауға бағытталған жұмыстарды жүйелі жүргізді. Жәбірленуші көрсеткен ақпарат көздері арқылы күдікті жас әйелді ұстады. Алаяқтық жолмен алған ақшаны жаратып жіберген күдікті әйелге қатысты іс айыптау актісімен заңды шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.
Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни, жұмысқа орналастырып беремін, несие болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. Егер, сіз алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.