Түркістан облысының полицейлері ұрлық қылмысына қатысы бар күдіктіні ұстады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын әйел хабарласып, өзінің үйіне түнгі уақытта белгісіз біреулер ұрлыққа түсіп, «Трактор» жүк көлігінің құрал жабдықтарын ұрлап кеткенін көрсеткен. Жалпы келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құрады. Оқиғаны түлкібастық полицейлер ҚК 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, бірден іздестіру жұмыстарын бастады.
Ұрлық орын алған жерге полиция қызметкерлері келіп, оқиғаның қалай болғанын анықтады. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде білікті полицейлер небары тәулік ішінде орта жастағы ер азаматты ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Тәртіп сақшылары күдікті деп танылған орта жастағы ер азаматты полиция бөліміне жеткізді.
Белгілі болғандай күдікті азамат жәбірленушінің үйінде «трактор» жүк көлігінің барын көріп, сырттай бақылап жүрген. Осылайша күдікті оңтайлы сәтті күтіп, өз арам ойын жүзеге асырған. Бүгінде ұрланған құрал жабдықтар толықтай заңды иесіне қайтарылды. Сондай-ақ күдіктінің бұрын сотты болғаны белгілі болды. Қазіргі таңда күдікті ер азамат қамауға алынды.
Түркістан облысы полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәсі болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.