Түркістан облысының полицейлері тұрғынның сөмкесінен 1 млн 300 мың теңге тұратын бұйымдарын ұрлаған күдікті әйелді ұстады. ТО ПД баспасөз қызметі хабарлады.
Отырар ауданы ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда жәбірленуші әйелдің айтуы бойынша өзінің қол сөмкесін белгісіз азаматтың ұрлап кеткенін көрсеткен. Сөмкесінің ішінде жалпы құны 1 млн 300 мың теңге болатын түрлі алтын, күміс бұйымдары болған. Аталған дерек ҚК 188-бабы, яғни «Ұрлық» қылмыстық құқық бұзушылығы бойынша тіркелді.
Хабар түсісімен полиция қызметкерлері жедел әрекет ету мақсатында оқиға орнына жетті. Жан-жақты тексеру жұмыстарын жүргізіп, айналадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын мұқият қарап шықты. Нәтижесінде небары 1 сағат ішінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті әйел тұрғын болып шықты. Полиция қызметкерлерінің жылдам әрекетінің нәтижесінде күдікті азаматша алысқа ұзай алмаған. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары істің ақ-қарасын ажырату мақсатында күдікті әйелді ПБ-ға жеткізіп, тергеу амалдарына кірісті.
Белгілі болғандай жәбірленуші әйел Шымкент қаласынан Отырар ауданына қарай жүретін қоғамдық көлікке мінген. Содан соң Отырар ауданына кіре берістегі өзінің үйінен түсіп қалған. Сол сәтте сөмкесінің жоқтығын байқап, қоғамдық көлікпен іле-шала автобекетке жеткен. Алайда барған сәтінде жолаушылардың біразы түсіп кеткенін көрген. Осылайша сөмкесін ары-бері іздеп таба алмаған соң полицейлердің көмегіне жүгінген. Ал күдікті әйел болса сөмкені ауыл сыртындағы суға ағызып жіберіп, ішіндегі алтын, күміс бұйымдарды үйіне жасырған.
Өз кезегінде Түркістан облысы полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.