Түркістан облысында мемлекет тарапынан жарты миллион теңге қайтарымсыз ақша шығарып беремін деген алаяқ құрбылар ұсталды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Соңғы уақытта мемлекет тарапынан қарастырылған жеңілдіктер мен бағдарламаларды өзінің бас пайдасы үшін қолданып, халықты алдаушылар баршылық. Арасында қылмыстың өтеуі жаза екендігін білсе де, азғындық жасайтындар да кездеседі. Мәселен Жетісай аудандық полиция бөлімі қызметкерлерімен осындай оңай жолмен пайдаға кенелгендер құрықталды.
Нақтырақ айтсақ, полицияға жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтарға алданғанын жеткізеді. Әйелдің айтуынша, өзіне жақын таныс емес әйелдер оған мемлекет тарапынан қайтарымсыз берілетін 555 мың теңгені есепшотыңа түсіріп береміз деп сендірген. Осы қызметтері үшін 100 мың теңгеге жуық ақшасын алаяқтық жолмен алып, қайтармай қойған. Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Арадан бірнеше күн өткенде, полицияға тағы бірнеше тұрғын шағымданып, жоғарыдағыдай алаяқтардың арбауына түскенін жеткізген. Келіп түскен ақпарат аясында жедел-іздестіру іс-шарасын жүргізген жетісайлық қырағы полицейлер, күдікті ретінде бір-бірімен таныс, құрбы болып келетін 4 әйелді ұстады. Ал бесінші күдікті ер адамға іздеу жарияланды.
Аталмыш бес күдікті Жетісай ауданында алаяқтық яғни, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы қылмыс жасағаны белгілі болды. Олардың барлығы жергілікті тұрғындар болып шықты.
Күдікті ретінде ұсталғандардың алаяқтық қылмысының 40 жайтына қатысы бары анықталды. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 4 миллионды құрады. Бүгінде ұсталған 4 алаяқ әйелдің екеуі қамауға алынып, екеуі кепілмен босатылған. Тергеу амалдары Жетісай АПБ-мен жүргізіліп, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері, алаяқтық немесе басқа да қылмыстарды болдырмау үшін тұрғындарға қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Кез-келген адамға сенбей, өзінің жеке мәліметтеріне, құжаттарына сақ болуды ескертеді.