Түркістан облысында әлеуметтік желіде жалған ойын ұйымдастырып, тұрғындардан алаяқтықпен ақша алған жас жігіт ұсталды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын шағымданып, алаяққа алданып қалғанын жеткізді. Жәбірленуші жас жігіттің айтуынша, ол әлеуметтік желілердің бірінде 9990 теңге салып, 1 миллион ақша ұтасың деген ойынға қатысқан. Содан арадан біршама уақыт өткенде, белгісіз ер адам хабарласып, сіз миллион ұтып тұрсыз, ол үшін тағы да 24 мың теңгедей ақша салыңыз дейді. Оған сенген жәбірленуші бірден алаяқтың айтқанын істеп, жалған ойынға ақша салып жібереді. Соңында ешқандай ақша ұтпағанын, алаяқтық қылмысының құрбаны болғанын түсініп, полицейлерден жәрдем сұрайды. Аталған жайт ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алынды.
Орын алған интернет-алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында мақтааралдық тәжірибелі полицейлерден жедел-тергеу тобы құрылып, бірден іске кірісті. Жәбірленуші тұрғынның ақша салған есепшоттары толығымен тексеріліп, жан-жақты іздестіру жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде алаяқтың жеке-басы анықталып, ол Шымкент қаласынан ұсталды. Күдікті бұрын сотты болған, жұмыссыз, мегаполистің тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, күдікті өзінің бас пайдасы үшін әлеуметтік желіде жалған ойын ұйымдастырған. Тексеру барысында күдіктінің осындай алаяқтықтың жалпы 3 жайтына қатысы бары анықталды. Яғни, жас жігіт Мақтаарал, Сарыағаш, Түркістан қаласының тұрғындарынан ақша алып, соңында жоқ болып кеткен. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері тұрғындарға кез келген оңай ақша беретін, ақша сал дейтін ойындарға сенбеуге шақырады.