Түркістанда енесінің атынан несие рәсімдеген жас келін ұсталды. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ордабасы ауданы ПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғандығы жөнінде арызданған. Жәбірленуші әйелдің айтуынша бейтаныс біреу оның атынан 880 мың теңге несие алған. Яғни жәбірленуші әйел банктен хабар келгенде өзге біреудің несие алғанын біледі. Содан жергілікті тұрғын тез арада полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеді.
Тіркелген дерекке сәйкес, орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында Ордабасы ауданының полицейлері қажетті іс-шараларды жүргізді. Тексеру жұмыстары нәтижесінде полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні анықтап, оны тұрғылықты мекен-жайынан ұстады. Ол жергілікті тұрғын жәбірленушінің келіні болып шықты. Сондай-ақ күдіктінің бұдан алдын да ұрлық жайты бойынша сотты болғаны расталды. Яғни күдікті енесінің атынан несие рәсімдеп, алған ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан. Қазіргі таңда жас келінге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысының полицейлері азаматтарға өзіңізге қатысты жеке, құпия сандарды ешкімге бермеңіздер деп ескертеді. Банктік карточкаларыңыз бен жеке куәліктеріңізге, жалпы құжаттарыңызға ұқыпты болыңыздар. Егер, осындай интернет-алаяқтығының куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыз.