Түркістан облысының полицейлері жасөспірімдерге сабақ берді. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Түркістан облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері, Түркістан ҚПБ ювеналды полиция тобының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлары және мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен бірлесіп маңызы зор іс-шара өткізді. Яғни полицейлер облыс орталығындағы Абай, Ж.Еділбаев, Ж.Жамбылов, М.Әбенова мектептерінің 9-11 сынып оқушыларына нашақорлыққа қарсы профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар №21 техникалық колледжінің мұғалімдері мен 3-4 курс студенттеріне «Есірткіге жол жоқ!» тақырыбында лекция оқыды. Жасөспірімдерге есірткі және нашақорлықтың зияндылығы мен оған қатысты заң алдындағы жауапкершілігі түсіндірілді. Жастармен кездесу кезінде тәртіп сақшылары ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Жолдауындағы «Болашақ ұрпақтың әл-ауқатына төнетін қатер есірткінің, оның ішінде синтетикалық есірткінің таралуы» деген пікірін алға тартып, осы мақсатта жүйелі жұмыс атқарылып жатқанын айтты. Сондай-ақ, оқушылардың назарына ҚР ІІМ ЕҚҚІҚД-мен дайындалған бейнелекция, роликтер ұсынылды. Полицейлер жас буынға әрқашан салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға, теріс әрекеттерге бармауға шақырды. Жиынға 521 оқушы мен 109 студент қатысты.
Жиын соңында жасөспірімдер осындай келелі кездесу ұйымдастырған полицейлерге алғыстарын білдірді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Жастардың тәртібі тәртіп сақшыларының назарынан түспек емес.