Түркістан облысының полицейлері жоғалып кеткен жасөспірімді аман-есен тапты. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай ауданында 12 жасар бала із-түссіз жоғалып кетіп, жергілікті жұртты дүрліктірді. Бұл туралы жаөспірімнің анасы Жетісай аудандық полиция бөліміне кешкі сағат 17:00-лерде жеткізді. Денсаулығында сырқаты бар ұлын уайымдаған ана, баласының күндізгі сағат 12:00 шамасында үйінен шығып кеткеннен хабарсыз кеткенін көрсетті. Алғашында жоғалған баланың жақындары, оны өздіктерінен іздеуге кіріседі. Алайда ауа райының қолайсыздығы салдарынан іздеу жұмыстары сәтсіз аяқталады. Содан бірден полицейлерден жәрдем сұрайды.
Арыз бірден тіркеуге алынып, жетісайлық полицейлер ауа райының құбылуы, шаңды дауыл тұруы, яғни 20 метр қашықтыққа дейін ештеңенің көрінбеуі мен жасөспірімнің жас шамасы, денсаулығын ескеріп, оны тез арада іздеу жұмыстарына кірісті. Баланың аман-есен табылуы үшін ПБ-ның қызметкерлері толық құрамда шықты. Іздеуге 100-ге тарта ерікті ауыл тұрғындары да жұмылдырылды. Олардың барлығы жаяу аймақтың әрбір түкпірі мен шұңқырына дейін тінтіп шықты. Оған қоса жан-жаққа баланың айрықша белгілері бойынша хабарламалар таратылды. Білікті мамандардан жасақталған арнайы іздеу тобы құрылып, күш-құралдарға тапсырма беріліп, көрші полиция бөліміне де хабарлама жолдады. Аудан көлемінде іздеуде жүрген 12 жастағы баланың туған-туыстары, тығыз қарым-қатынаста араласып тұратын жақындары анықталып, сызбасы түзіліп, олардың мекен-жайлары бойынша тексеру жұмыстарын жүргізді. Хабар-ошарсыз жоғалған жасөспірімнің суретін көрсету арқылы жеке адам тасымалдайтын такси, автобус жүргізушілерінен, авто және темір жол станция жұмысшыларынан аудан мейрамханалары, кафе, дүкен, базар, және басқада халық көп жиналатын жерлерге барып сұрастыру жұмыстарын атқарды.
Жан-жақты іздестіру жұмыстары нәтижесінде келесі күні таңғы сағат 09:40 шамасында бала аман-есен Сырабат егістік алқабынан табылды. Қарны ашып, суыққа тоңып жаурап қалған баланы іздеуге шыққан ауыл тұрғыны байқап қалып, полицейлерге хабар береді. Хабар алысымен іздеу жұмыстарын ұйымдастырған полицейлер шұғыл тұрғын айтқан жерге барып, баланы тауып, ата-анасына дін аман табыстады.
Белгілі болғандай, ойнап жүріп үйінен шыққан бала шаңды дауылда бағыттан адасып, егістікке қарай кете берген. Одан ары түнгі уақытта алдында кездескен шөп арасында ұйықтап шыққан. Қазіргі таңда балаға қажетті көмек көрсетілуде.
Өз кезегінде жасөспірімнің ата-анасы, ұлын табуға қызмет еткен барлық полицейлерге, ауыл тұрғындарына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері де жасөспірімді іздеуге көмектескен әрбір жанға алғыс айта отырып, кәмелет жасына толмаған балаларыңызды қараусыз қалдырмаңыздар деп ескертеді.