Түркістан облысының полицейлері өзгенің көлігін рұқсатсыз айдап кеткен қойшыны анықтады. Бұл туралы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жетісай аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, көлігі ұрланғанын хабарлайды. Ер адамның айтуынша, түнгі уақытта оның шаруашылық жекежайында (фазенда) тұрған құны 450 000 теңге болатын «ВАЗ 2107» маркалы автокөлігін белгісіз біреу жымқырып кеткен. Аталған жайт бірден ҚР ҚК-нің 200-бабы «Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу» бойынша тіркелді.
Ақпарат алысымен жедел-тергеу тобы оқиға орнына шықты. Оның ішінде Жетісай АПБ-нің жедел-криминалистикалық тобының криминалисі полиция аға лейтенанты Жеңіс Анарбеков, учаскелік полиция инспекторларымен бірге шұғыл әрекетке көшті. Куәлардан жауап алып, жақын аумақтарды мұқият қарап шықты. Нәтижесінде полицейлер көліктің ізіне түсіп, оны көрші ауылдың жол бойында тұрған жерінен табады.
Көлікті тыңғылықты тексеру кезінде, оның жол-апатына түскеннен кейін қалдырып кеткені анықталды. Полицейлермен одан әрі көлікті айдап кеткен күдіктінің жеке-басын анықтау жұмыстары жалғасты. Содан полицейлердің кәсіби шеберлігі мен қырағылығы арқасында, күдікті анықталып, ұсталды. Ол ауылда қой бағумен айналысатын ер адам болып шықты. Сонымен қатар күдіктінің бұдан алдын да көлік ұрлығын жасап, 1 жылға бас бостандығынан шектелгені белгілі болды.
Анықталғандай, күдікті жәбірленушінің көлігі ашық тұрғанын пайдаланып, барар жеріне тез жету үшін мініп кеткен. Содан көлікті соғып алғандықтан, жол бойына тастап кеткен. Қазіргі таңда автокөлік айғақты зат ретінде алынып, заңды иесіне қайтарылды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарға көлігін қараусыз қалдырмауды, үнемі есік-терезелерін кілттеп жүруге кеңес береді. Егер де, сіз, осындай қылмыстардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, полицияның «102» нөміріне тез арада хабар беріңіз. Бұл қылмыстың ертерек ашылуына ықпал етпек.